Курчатов қаласы Ертісті ластап жатыр: депутаттар дабыл қақты

Курчатов қаласы Ертісті ластап жатыр: депутаттар дабыл қақты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Абай облысына қарасты Курчатов қаласының кәріз қалдығы Ертіске құйылып жатыр. Бұл туралы Павлодар облысы Май ауданының депутаттары дабыл қағып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәріз суының Ертіс өзеніне құйылып жатқан тұсында Ақжар ауылы орналасқан.

"Бұрын құбырмен өзенге құйылатын, кейінгі кезде жер бетімен ағып келіп қосылып жатыр", - дейді Май ауданының тұрғындары.

Әлеуметтік желіге тараған видеодан кейін Абай облысының Экология департаменті оқиға орнына барған.

"Кәріз жүйесі жергілікті Курчатов cу арнасы мемлекеттік мекемесіне тиесілі. Жергілікті тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, ол әбден шіріген. Жердің астындағы бөлігі жарылып, содан су кетіп жатыр. Жоспардан тыс тексеріс тағайындалып, жұмыстар жүргізіледі. Заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді және де заң аясында тиісті шара қабылданады", - дейді Абай облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков.

Айта кетейік, Ертіс - үш мемлекеттің аумағымен өтетін трансшекаралық өзен. Еліміздің үш бірдей облысын айтпағанда "Сәтбаев арнасы" арқылы Екібастұз, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларының тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр.

Е.Базарқұл

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова