Жетісу облысында баласын сабаған әйел 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл оқиға Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода шамамен 3-4 жастағы бала аяусыз соққыға жығылғаны көрінеді. Әйел баланы теуіп, қолынан тартып, бұрап, басы мен арқасынан ұрған.
Аудандық әкімдік мәліметінше, бұл ауыл Қорғас шекара маңында орналасқан, ал оқиға болған үй әлеуметтік осал топтарға арнап, бюджет қаражатына салынған. Баланы ұрған әйел сол үйге қонаққа барғаны белгілі болды. Ал видеоны үй иесінің құрбысы түсірген.
Қазір баланың анасы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Балалар Жаркенттегі "Жанұя" отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Балалардың жағдайы қалыпты. Әлеуметтік желілерде тараған видеоны үй иесінің телефонына қонаққа келген құрбысы түсіріп алған. Үй иесі Т. дүкенге кеткен кезде телефонын үйде қалдырған. Сол уақытта құрбысы әйел өз баласын ұрып жатқан сәтті видеоға түсіріп алған", - деді Панфилов аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісі Нұрбол Қанағат.
Әйелге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.
Еске салайық, бұған дейін жағаұстатар жағдайға Жетісу облысы Полиция департаменті өкілі пікір білдірді. Тексеріс барысында 28 жастағы әйел кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!