Астана тұрғындарына Құрбан айт кезінде санитария талаптарын сақтау мәселесі ескертілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалада мереке қарсаңында санитария-эпидемиологиялық және ветеринарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Биыл Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді.
Елорда әкімдігі мәліметінше, мереке кезінде санитария нормаларын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және құрбан шалу рәсімін қауіпсіз өткізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
"Арнайы белгіленген және жабдықталған орындарда ғана мал союға рұқсат етіледі. Тұрғын үйлердің ауласында, көшеде, кіреберісте және басқа да қоғамдық орындарда мал союға тыйым салынады", - деп жазылған хабарламада.
Осы мақсатта қалада бес арнайы орын белгіленген: Алаш тасжолы, 34/6; А 369 көшесі, 10; Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі; Алаш тасжолы, 136Б; Теміржолшылар елді мекені, Ақжар көшесі, 20.
Мал сойылған орындарда қалған қалдықтар белгіленген тәртіппен жойылуы қажет. Оларды тұрмыстық қалдық тастайтын орындарға тастауға болмайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!