Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан құрбандық шалуға қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Алматыда өткен брифинг барысында айтты.
"Құрбандық - мал сойып, қан шығару арқылы орындалатын құлшылық. Алла Тағала Кәусар сүресінде "Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!" деп бұйырған. Бұл аятты Қатада, Ато, Икрима секілді табиғин ғалымдар айт намазы мен құрбан мал шалу жайында меңзелген деп түсіндірген. Сондай-ақ, аяттағы "Уанхар" сөзі түйе бауыздауды білдіреді. Яғни Жаратушының разылығына жету үшін айт намазыңды ықыласпен толық оқы да, құрбандыққа түйе бауызда. Түйе төрт түліктің ең үлкені әрі қымбаты екені мәлім. Демек, аятта Алла үшін аталатын құрбандық - малдың ең жақсысы болуы керегі меңзеліп отыр", - деді ол.
Бас имамның айтуынша, құрбандық шалу тек белгіленген малды сою арқылы орындалады.
"Хадисте: "Адам баласы Құрбан айт күні (құрбан шалып) қан шығарудан абзал басқа құлшылықпен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны шыққан мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Мал қан жерге тамбай жатып, Алла тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Ендеше, құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар", - делінген. Демек, айт күндері орындалатын амалдардың ең абзалы һәм Аллаға ұнамдысы - құрбандық шалып, ет тарату. Сондай-ақ, қазақ ғұламасы Шәкәрім қажы бабамыз "Мұсылмандық шарты" атты еңбегінде "Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады" деген сөзді келтіреді. Құрбандық шалу тек белгіленген малды сою арқылы орындалады. Демек, құрбандықты сатып алуға арналған қаражатты садақа ету құрбандық шалудың сауабына жеткізбейді. Алайда айт күндері құрбандық шалумен қатар басқа да қайырымдылық шараларын жасау сауапты амал болып саналады", - деді имам.
Айта кетейік, құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. "Құрбан айт" мерекесін атап өту күндері халыққа құрбандық шалу және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша ақпараттандыру үшін тәулік бойы 109 Call-center жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылғаны хабарланған болатын.
"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.
Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажет қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек.
Сондай-ақ, Айт намазының кестесі жарияланды. Ал эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады.
Құрбан айт - 2023: құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керек?
Қазақстандықтар Құрбан айт пен Астана күніне орай қалай демалатыны белгілі болды. Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейінгі 70-күні үш күн бойы тойланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні саналады.
Мерекенің бірінші күні сәрсенбі, яғни 28 маусымға сай келеді. Тиісінше, бұл күн демалыс күні болады (бес күндік және алты күндік жұмыс апталары үшін). Бұл ретте демалыс күні ауыстырылуына байланысты сенбі (1 шілде) жұмыс күні болады.
Үкімет Астана күнін мерекелеу үшін демалыс күнін ауыстырды. 2023 жылы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні сенбі, 1 шілдеден жұма, 7 шілдеге ауыстырылды. Нәтижесінде қазақстандықтар елорда күніне төрт күн демалады: 6, 7, 8, 9 шілде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!