- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құрбан Айт 2023:...
Құрбан Айт 2023: Құрбандыққа шалынатын мал бағасы биыл қалай құбылды?
Құрбан айт жақындаған сайын қаладағы қой бағасы қымбаттап кететіні жасырын емес. Исі мұсылманның мерекесі қарсаңында қалтасын қампитып қалуға тырысатындардың да табылатыны ақиқат. Massaget.kz тілшісі мал базарларындағы бағаны бақылап көрді.
Қалышев Еламан әр жыл сайын құрбан шалып, Алланың разылығы жолында жүрген азаматтың бірі. Айтуынша әр жыл сайын қой бағасы 5-10 мың теңгеге қымбаттап келеді. "Мал басын екі үш жанұяға таратып беретін болған соң ірісін таңдағанды дұрыс көремін. Жалпы биыл қойлардың күйі жақсы" дейді ол.
"Мәселен мынау кішкентай ісек бағасы 65 мың. Былтыр шамаман 50-55 мыңның айналасында болатын. Жалпы қой бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Қойды алғаннан кейін оны сойдырту бар. Қасапшы әр мал басы үшін 4000 теңге алады. Алдыңғы жылы 2000 теңге болатын бұл қызмет" дейді.
Ал "Алтын Орда" базарындағы ұсақ малдың бағасы 50 мыңнан басталып 100 мыңға дейін барады. Құрбан айтқа байланысты келушілердің қатары көбейген. Десек те сатушылар "біз қой бағасын өсірмедік" деп ағынан жарылды. "Тек сауданың қызатын шағы болғандықтан көбірек сатуға тырысамыз. Саудада береке бар ғой" дейді сатушылардың бірі.
"Тоқтылар 40-45 мыңнан басталып ірі қойлар 80-85 мыңға дейін барады. Біз бүгін негізінен ертеңгі күнге дайындалып жатырмыз. Баға бірқалыпты, нарықтағы бағадан асырмадық. Халыққа қолжетімді болсын деген ниет қана. Қойларды Талдықорғаннан әкеліп, осы жерде саудалаймыз, - дейді саудагер Серік Жұмаділов.
Базар бағаларын салыстырып жүріп тап болған тағы бір қызықты дүниеміз - онлайн құрбандық. Тірліктің барлығы телефонмен бітетін заманда құрбандықты да онлайн шалуға болады. Алматы қаласының бұрынғы бас имамы Еркінбек Шоқай бастап, артынша Төлеби Дәдіұлы қостап берген бұл үрдіс карантин кезінде бастау алған.
Мұндай мүмкіншілік негізінен уақыты тапшы тұрғындар мен шетелдегі қазақстандықтарға арналған қосымша. Сіз кез келген мешіттің имамына хабарласып, алдымен аты-жөніңізді айтып, отбасымның атынан құрбандық шаламын деп өтініш жібересіз. Қалғанын мүфтияттың адамдары дайындап, өздерінің тізіміндегі көмекке мұқтаж отбасыларға таратып береді.
Пандемияның алдында барлық Алматы мешіттері құрбандықты жеке-жеке шалатын. Құрбан айттың кезінде қаланың іші қан саситын. Ал қазір барлық мүфтият Абай ауылының төңірегіндегі мал базарында құрбан шалуды жөн санаған. "Алматының төңірегіндегі шаруа қожалықтарынан келген мүфтиат малы баршаға қол жетімді бағада" дейді базар басшысы Өтепберген Мұсабеков.
"Біз қалалық мүфтиятқа үш күн бойы қызмет қыламыз. Ертең таңертеңнен бастап бізге түскен өтініштер бойынша әр адамға жіберген өтінішіне сай құрбан шалуды бастаймыз. Қаладағы барлық мешіттерге келіп түскен өтініштер қабылданып, іске асырылатын болады. Ұсақ малдың бағасы ірілі-ұсақтығына қарай 40-70 мың теңгенің арасында" дейді.
Өтінішті Qurban.kz сайтында бере аласыз. Алланың разылығы, отбасыңыздың амандығы үшін шалған құрбандығыңыз қабыл болсын.
Айта кетейік, құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. "Құрбан айт" мерекесін атап өту күндері халыққа құрбандық шалу және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша ақпараттандыру үшін тәулік бойы 109 Call-center жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылғаны хабарланған болатын.
"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе, ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.
Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажет қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек.
Сондай-ақ, Айт намазының кестесі жарияланды. Ал эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады.
Құрбан айт - 2023: құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керек?
Қазақстандықтар Құрбан айт пен Астана күніне орай қалай демалатыны белгілі болды. Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейінгі 70-күні үш күн бойы тойланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні саналады.
Мерекенің бірінші күні сәрсенбі, яғни 28 маусымға сай келеді. Тиісінше, бұл күн демалыс күні болады (бес күндік және алты күндік жұмыс апталары үшін). Бұл ретте демалыс күні ауыстырылуына байланысты сенбі (1 шілде) жұмыс күні болады.
Үкімет Астана күнін мерекелеу үшін демалыс күнін ауыстырды. 2023 жылы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні сенбі, 1 шілдеден жұма, 7 шілдеге ауыстырылды. Нәтижесінде қазақстандықтар елорда күніне төрт күн демалады: 6, 7, 8, 9 шілде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов