Алматыда құрбандыққа шалынатын мал бағасы белгіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыда өткен брифинг барысында Алматы орталық мешіті имамының орынбасары Руслан Қайыргелді діни ұйымдардың өкілдері Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынатын жануарлардың бағасына ықпал ете алмайтынын айтты.
"Өкінішке қарай, бағаны бақылай алмаймыз. Мұны басқа өкілді органдар жасайды. Биыл біз де кәсіпкерлерді құрбандыққа шалынатын жануарлардың бағасын көтермеуге шақырамыз. Шариғат бойынша, құрбандыққа шалынған жануардың еті мен қаны Аллаға қажет емес, тек шынайы ниет пен тақуалық қажет. Осы сәтті пайдаланып, бағаны көтерудің қажеті жоқ. Кәсіпкерлерді түсіністікпен қарауға шақырамыз және мүмкіндігінше көп адам құрбандық шалу ниетін орындай алсын", - деді Руслан Қайыргелді.
Имамның айтуынша, Алматыда құрбандыққа шалынатын мал бағасы qurban2023.kz порталындағы өтініш арқылы шалынған жағдайда ғана бекітіледі. Бұл жағдайда қозының бағасы 70-тен 80 мың теңгеге дейін болады. Ал ешкінің бағасы 40-тан 50 мың теңгеге дейін, ірі қара малдың бағасы 450 мың теңгеден басталады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылғаны хабарланған болатын.
"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе, ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.
Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажет қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек.
Сондай-ақ, Айт намазының кестесі жарияланды. Ал эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады.
Құрбан айт - 2023: құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керек?
Қазақстандықтар Құрбан айт пен Астана күніне орай қалай демалатыны белгілі болды. Құрбан айт Ораза аяқталғаннан кейінгі 70-күні үш күн бойы тойланады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні саналады.
Мерекенің бірінші күні сәрсенбі, яғни 28 маусымға сай келеді. Тиісінше, бұл күн демалыс күні болады (бес күндік және алты күндік жұмыс апталары үшін). Бұл ретте демалыс күні ауыстырылуына байланысты сенбі (1 шілде) жұмыс күні болады.
Үкімет Астана күнін мерекелеу үшін демалыс күнін ауыстырды. 2023 жылы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күні сенбі, 1 шілдеден жұма, 7 шілдеге ауыстырылды. Нәтижесінде қазақстандықтар елорда күніне төрт күн демалады: 6, 7, 8, 9 шілде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!