Құрамында шетел азаматтары да бар: ШҚО-да заңсыз алтын өндіргендер әшкере болды

Құрамында шетел азаматтары да бар: ШҚО-да заңсыз алтын өндіргендер әшкере болды
Фото: ҚМА

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндірген топтың қызметі әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен және прокуратурамен бірлесіп, Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірген адамдарды анықтаған.

Құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келген. Топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгерген.

"Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Заңсыз қызметке 30-дан аса адам, соның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған. Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ, құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді", - деді ҚМА өкілдері.

Тергеу жалғасып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget