Құрамында никотині бар вейпті дайындап сатқан адам сотталды

Астанада құрамында никотині бар вейп сұйықтарын дайындаған және сатқан адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот үкімімен қала тұрғыны Қылмыстық кодекстің 214-бабының 1-бөлігімен заңсыз кәсіпкерлік үшін 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

"Кінәлі адам құрамында никотині бар сұйықтықты өндіру бойынша цех ұйымдастырып, заңсыз өндірілген өнімдерді вейп сатумен айналысатын әртүрлі дүкендерге жалпы сомасы 64,4 млн теңгеге өткізген", - деп жазылған хабарламада.

Сот шешімімен қала прокурорының талап арызы қанағаттандырылып, сотталушыдан заңсыз жолмен алынған табыс сомасы толығымен өндірілді.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз