- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құрамаға жігер бердіңіздер"....
"Құрамаға жігер бердіңіздер". Геннадий Головкин Олимпиаданың алғашқы жүлдегерлерін құттықтады
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Париж Олимпиадасында Қазақстанға алғашқы медальді сыйлаған мергендерді құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
"Құрметті Ислам және Александра! Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен жеке өз атымнан сіздерді Париж Олимпиадасындағы алғашқы медальді жеңіп алуларыңызбен құттықтаймын! Сіздер жарыстың алғашқы күні-ақ жүлдеге қолжеткізіп, барша олимпиадалық құрамаға жігер бердіңіздер.
Қазақстан Атланта ойындарынан кейін алғаш рет нысана көздеуден Олимпиада тұғырына көтеріліп отыр. Бұл жетістік арқылы сіздер өз шеберліктеріңізді паш етіп, еліміздің олимпиадалық тарихына ендіңіздер.
Ислам, Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын да сіз иеленген едіңіз. Енді, міне, Олимпиаданың алғашқы медалін де сіз сыйлап отырсыз. Бұл медаль Париж Олимпиадасындағы Қазақстан командасының ірі жеңістеріне жол ашсын! Сіздерге Олимпиада ойындарындағы жекелей сында сәттілік тілеймін", - делінген құттықтау жеделхатында.
"Сәттілік жетіспей қалатын". Бас бапкер Олимпиадада алғашқы жүлдені алған мергендер туралы айтты
Еске салайық, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді мергендер Ислам Сәтпаев пен Александра Ле алып келді.
Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында отандастарымыз Германия құрамасынан айласын асырды. Қарсыластарын 17:5 есебімен айқын жеңіп шықты.
Париждегі Олимпиадада ең алғашқы жүлдені Қазақстан иеленді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан