Қазақтың кез келген шаңырағына барсаңыз, үйінен құрақ көрпеше көресіз. Құрақ "құрау" деген сөзден шыққан. Қазақ құрақ табыс құралып, кіріс кіргенін тілеп тұрады деп сенген. Ал халық аузында тараған "Құрақ көрпеше тіл-көзден сақтайды" деген сенім қаншалық рас? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне анық-қанығын айтты.
Этнографтың айтуынша, құрақ көрпеше тіл мен көзден сақтайды дегенге сенуге болады.
"Құрақ көрпе туыстардың бірлігін сақтайды. Кесілген маталардың сырап болып қалуын тежейді, әрі көркем көрпе болады деп есептейді. Бір жағы тіл мен көз адамға түспей, құрақ көрпеге түседі деп ырым етеді", - дейді Болат Бопайұлы.
Сонымен қатар, қазақ қыздың жасауына «басы құралсын, көбейсін» деген ниетпен құрақ көрпелер қосады. Құрақ тіл-көзден сақтайды, жамандықтан қорғайды деген наным бар. Баласы шетіней берген үй «тіл-көзден аман болсын» деген ырыммен қырық құрақ құрап, жас нәрестені соған ораған.
Құрақ құрау – мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ерекше түрі. Құрақ өнері арқылы халықтың қолөнері, салт-дәстүрі дәріптеледі. Құрақ құрау төзімділікке тәрбиелейді, үнемділікке, түстерді үйлестіре білетін әсемдікке үндейді, адамның ой-өрісін кеңейтеді, оған қоса, есте сақтау, жобалау, шамалау, түстер жарасымдылығын жақсы айыра білуге баулиды. Құрақ өнері - өте нәзіктікті, әдемілікті, шыдамдылықты, шеберлікті талап етеді. Адамдар молшылықты - дарияға, теңізге, бәйтерекке теңесе, осының барлығы қазақтың қолөнері құрақта көрініс табады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ көрпелерінің қандай түрі бар екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күйеу балаға неге төс тартады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!