"Құр уәдеге сеніп келеміз". Долан ауылы он жылдан бері мектепсіз отыр

Алматыдай үлкен мегаполистің іргесінде тұрса да мектебі мен балабақшасы жоқ, тіпті ауыл тұрғындарының  қалаға қатынайтын қоғамдық көлігі, ауыз су мен заман сұранысына сай қажеттілік интернеті де жоқ ауылдар жетерлік. Халық сонда да тұрып жатыр. Алайда халықтың тұрмыс тіршілігіне қолайлы еш жағдай жасалмаған. Солардың бірі Райымбек округіне қарасты Долан ауылы. Massaget.kz тілшісі ауылға арнайы барып, халықпен тілдесіп қайтқан еді.

Ауыл тұрғындары жыл сайын басталады деген мектеп құрылысын күтуден шаршағанын айтып отыр. Долан ауылында 10 мыңға жуық тұрғын бар, оның ішінде 2 мыңнан астамы 18-ге толмаған балалар екенін ескерсек, мәселенің өзекті екенін аңғарамыз. 

Қазіргі уақытта Долан ауылындағы 1-4-сынып оқушылары ескі ғимараттың апатты деп танылуына байланысты 2022-2023 оқу жылында ауыл арасында «котежді қалашық» атауымен танымал 43-ші учаскеден жалға алынған жер үйлерде білім алып жүр. Ал 5-11-сынып оқушылары көрші ауылдарға арнайы қатынап оқиды. Суреттегі жер үйлердің сыртқы көрінісіне қарап-ақ көп оқушыны қамти алмайтынын байқаймыз. Алайда дәл қазір бастауыш сынып оқушылары қысылып қымтырылып осы жерде білім алуға мәжбүр. 

Мәселеге орай жергілікті әкімдіктің де пікірін білген едік. Олар мектептің барлық жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында 1200 балаға арналған мектеп құрылысы биыл басталатынын, "мектеп салуға 2 гектар жер де дайын тұр" деп сендірді. Бірақ әкімдік өкілдері мектеп құрылысы басталатын жерді дөп басып көрсете алмады. Яғни сол жердің бар екенінің өзі күмәнімізді тудырды. Тұрғындар да жыл сайын берілетін уәдеден шаршағаны байқалды. 

"8 жыл бұрын ауылға көшіп келгенде келесі жылы мектеп құрылысы басталады деген еді, құрғақ уәделерге сеніп әлі келеміз. Өткен жылы әкімнің халыққа есеп беруінде мектеп құрылысы 2022жылы көктемінде басталады деген еді, кейін мектеп салынатын жердің де дайын еместігін естідік. Балаларымыз көрші ауылдардан қатынап оқымай, өз ауылымызда оқыса жақсы болар еді" деп Айдос есімді ауыл тұрғыны өз базынасын жеткізді.


Атын атауымызды қаламаған кейбір ауыл тұрғындары:"балаларымыз бірінші сыныпқа барғанда бірнеше жылда мектеп болады деп еді, ол балалар қазір университетті бітірді" деп үміттерінің өшкенін де айтып қалды.

Сонымен қатар, бұл ауылда ауыз су мәселесі де көптен шешілмей келе жатқан түйіннің бірі. Ауыл тұрғындарының жартысына жуығы күнделікті тұтынатын суды сатып алып ішіп отыр. Бұған қатысты әкімдік өкілдері ауыз су мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанын «Қаскелең топтық су жеткізілімі» жобасы аясында 2025 жылға дейін барлық ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілетінін айтты.

Ауыл тұрғындарымен әңгіме барысында қоқыс мәселесінің де  өзекті екенін аңғардық. Ең болмаса ауылдағы қоқысты уақытылы жинау мәселесін шешіп бере алмай отырған жергілікті басқарушы орындардың әрекетсіздігі таң қалдырды.

Осылайша ауылдан құр уәдеге тойып шықтық. Алдағы уақытта берілген уәдеге орай ауылға әлі де айналып соғатын боламыз. 

Қанатбек Үсенұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!