- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құпияны жарияламауға бұйрық...
"Құпияны жарияламауға бұйрық алдық". Семей полигоны кезінде әскери борышын өтегендер Үкіметке талап қойды
40 жылға жалғасқан Семей ядролық сынағы кезінде әскери борышын өтеп, атом бомбасын жару жұмыстарына қатысқан сол кездегі сарбаздар әлеуметтік мәртебе сұрайды. Павлодарда өткен атом сарбаздарының халықаралық I форумына қатысушылар Үкіметке бірқатар талап қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған форумға онлайн режим арқылы алыс Ресей мен Өзбекстан елдерінен ядролық қаруға қарсы қозғалыс ұймдарының мүшелері қатысты. Олардың бәрі - Семей жерінде әскери қызметте болғандар.
"1987-1989 жылдары Курчатов қаласында әскери борышымды өтедім. Нағыз жарылыстардың ортасында жүрдік. Көп жігіт осы күні жоқ. Полигонның зардабынан қаншасы мүгелдек болып қалды. Біз әскерден кетерде ширек ғасыр бойы полигон туралы мемлекеттік құпияны жарияламауға бұйрық алдық. Біз осы күнге дейін сөзімізде тұрып үндемей келдік. Полигон жабылғанына 34 жыл болды. Қазір ол ядролық сынақтар бәріне мәлім", - дейді Алматы облысы Іле ауданы ядроға қарсы қозғалыс ұйымының басшысы Бағдәулет Нұртазаев.
Халықаралық атом сарбаздары форумына қатысушылар ел Үкіметі мен Парламентіне, Қорғаныс, Экология, Денсаулық сақтау, Халықты әлеуметтік қорғау және Оқу-ағарту министрліктеріне үндеу жолдап, талаптарын жеткізді.
"1949-1989 жылдар аралығында ядролық сынақтар жүргізу жұмыстарына жүздеген мың жас сарбаз қатысты. Олардың барлығы өздерінің әскери борышын абыроймен орындап, бүкіл Кеңес Одағы үшін ядролық қалқанмен қамтамасыз етті. 25 жыл бойы полигон туралы мемлекеттік құпияны жарияламауға бұйрық берілді. Қазір бәрі белгілі. Ядролық жарылыстардың ортасында қызмет еткен жастарға түрлі жеңілдіктер мен қолдау көрсетілді. Осыдан 34 жыл бұрынғы соңғы жарылыстан кейін Олжас Сүлейменов бастаған "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысы миллиондаған қолдаушының күшімен ядролық құбыжықты жапқызды. Біздің жауынгерлеріміздің көпшілігі бұл күнге жете алмады, ал қалғандары 50 жасқа жетпей мүгедек болды", - дейді олар.
Олар заң жүзінде өзгеріс енгізілуі керек екенін айтады.
"Ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау туралы жаңа заң қабылдау не осы заңға және ардагерлер туралы заңға елеулі өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз. Ерекше тәуекелді бөлімшелер сарбаздарының мәртебесін айқындауды, ерте зейнетке шығуды, тұрғын үймен және жер учаскелерімен қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметте қолдауды, салықтардан босатуды, медициналық қызметтердің барлық түрімен қамтамасыз етуді, оңалту және диагностикалық орталықтардың, мүгедектерге арналған жәрдемақыларды, өтемақы мөлшерін ұлғайту, Семей қаласының радиология институтында анықтамаларды кедергісіз алу жөніндегі мәселелер шешілсін. Семей сынақ полигонында қызмет еткен адамдар Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылардың санатына теңестірілсін. Жыл сайын санатория-курортта емделуді талап етеміз!" - деді олар.
Үндеуге "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының белсенді мүшелері қол қойған.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz