Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Абай облысындағы әріптестерімен бірлесіп, акцизсіз темекі өнімдерін өткізу арнасының жолын кесу бойынша ауқымды операция жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
4 желтоқсанда бір мезгілде екі өңірде үш жүк автокөлігі тоқтатылды. Оларды тексеру кезінде акцизсіз, жалпы саны 2 миллион бумадан астам түрлі маркалы темекі табылды. Ал жүк көліктерінің жүргізушілері сантехниканы тасымалдауға арналған құжаттарды көрсеткен.
Аталған облыстардың мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары темекі өнімдерінің нарықтық құнын анықтады. Ол 3 миллион АҚШ долларынан немесе 1,5 миллиард теңгеден асады.
"Жиналған материалдар экономикалық тергеп-тексеру қызметінің өңірлік департаменттеріне берілді. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабымен ("Заңсыз кәсіпкерлік қызмет") сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!