Құны 11 миллиард теңге болатын 22 млн қорап темекі тәркіленді

Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің екі өңірінде арнайы белгісі жоқ 150 мыңға жуық темекі анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Бұл туралы не белгілі?

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру дерегі бойынша Қырғыз Республикасының азаматына қатысты соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. 

Мәселен, "Жайсан-авто" бекетінде Қазақстан Республикасы аумағынан шығып кету әрекеті кезінде жүк көлік құралының жүргізушісі ұсталды, оның шанағын тексеру кезінде акциздік маркалары жоқ, көкөністерде (пекин қырыққабаты) жасырылған жалпы саны 70 мыңнан аса қорап темекі өнімдері табылды.

Мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сәйкес төлеуге жататын акциздік алым сомасы 22,6 миллион теңге. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жүк көлігі қамауға алынды және тәркіленеді.

Бұдан басқа, Қарағанды облысында есепке алу-бақылау маркалары жоқ темекі өнімдерін сатушы сотталды.

Шығын көлемі қандай?

Анықталған қойманы тінту барысында жалпы құны 18,5 миллион теңгеге 71 мыңнан астам қорап темекі табылып, тәркіленді. Контрафактілік темекі өнімдері жойылды.

Жалпы, жыл басынан бастап ҚМА өндірісінде темекі өнімдерінің айналымына байланысты 62 қылмыстық іс болды, оның 35-і сотқа жіберілді. Барлығы 11 млрд теңгеден астам сомаға 22 млн қорап темекі тәркіленді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!