Мессенджерлерде күннің ерте батуына байланысты сабақ уақыты қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі бұған қатысты Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады. Ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"2-ауысым оқушылары сабақтан тарағанда күн өте қараңғы болуына байланысты сабақ ұзақтығы уақытша 40 минутқа ауыстырылды", - делінген тараған ақпаратта.
Оқу-ағарту министрлігі Massaget.kz тілшісіне бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Сабақ уақыттарын заң бойынша жергілікті орган шешеді. Себебі аяз немесе түрлі іс-шара секілді түрлі жағдай болады", - делінген жауапта.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері күннің ерте батуына байланысты сабақ уақытын қысқарту жоспарда жоғын айтты.
Бұл хабарлама Астанадағы ата-аналар чатында тараған. Редакция Астана білім басқармасына сауал жолдады.
"Астана қаласының Білім басқармасы қысқы уақытта сабақтардың ұзақтығын қысқарту туралы бұйрық шығармады. Сол себепті, сабақ уақытын қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - деп жауап берді ведомстводағылар.
Еске салайық, 2024 жылғы 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі бірыңғай уақыт белдеуі кері әсер етіп жатқанын айтып, петиция жинады.
Кейін Үкіметте уақыт белдеуіне қатысты дауға нүкте қойылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов неғұрлым түсінікті ақпараттық-түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.
"Сауда министрі қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл - ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім", - деді Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз