Қойтас ауылында көктем шыға жер ми батпаққа айналып, тұрғындар жиі жарықсыз қалады. Ауызсу мен интернет түйткілі талай жылдан бері шешімін таппай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көктем ғана емес, жаз айларында да жұртшылық жол машақатын тартады. Айтуларынша, қыста кіреберіс және ауылішілік жолдар мүлде күрелмейді. Тақырып осымен біткен жоқ. Қойтастың іргесінде көп жылдан бері руда қазылып жатыр. Одан әрлі-берлі қатынаған техникалар кетеуі кеткен жолды одан әрмен тоздырған. Тұрғындар қазбаға құныққандардың қираған, бүлінген жерлерді қалыпқа келтіруге қам жасамайтындықтарын айтты.
"Карьерден шыққан көліктер жолды шұрқ тесік қылды. Тура ауылдың ортасымен өтеді. Камаздар жүргенде балаларды жазым ете ме деп қорқып отырамыз. Жаз болса, шаңды аспанға көтереді, кір жайсақ бірден топырақ болады. Мал шұңқырға түсіп кете жаздаған жағдайлар талай. Осы мәселлеерден соң ауыл қаңырап барады", – деді ауылдастар.
Қойтас Самар ауданындағы Аққала ауылдық округіне қарайды. Жергілікті жұрт округ әкімі Нұрлан Назархановтың көп мәселеден хабардар болса да, нақты қадамдар жасамай отырғанын сынға алды. Ауыл жұрты жолмен бірге таза су мәселесі жырға айналғанын жеткізді. Құбырлар тартылған, бірақ игілігін көре алмай отыр. Анықталғандай, қазір мұнда бар-жоғы 20-ға тарта түтін қалды. Жастар легі де азайып кеткен. Соңғы жылдары жарық жиі сөніп, халықтың қараңғыда отыруы жиілеген.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қойтас ауылында 77 адам тұрады. Кіреберіс жол мен ауылішілік жолдарды жөндеу үшін "Самар" шаруашылық құқығындағы мекемесі Қойтас, Қараөткел елдімекендеріндегі ауылішілік жолдарды қардан тазарту үшін келісімшарт дайындау керек болатын. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг қорытындысында шарт жасасуға тыйым салынған көрінеді.
"Конкурс 29-шы ақпанда жарияланып, 7-12 наурыз аралығында сәтсіз лоттың нәтижесінде екі елдімекен жолдарын қардан тазарту міндетін "Самар" шаруашылық құқығындағы мекемесі өз жауапкершілігіне алды", – деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мұхаметжанов.
Мұндағы жұрт таза ауызсуды уақытша ғана ішкендерін айтты. Топырақ түсі өзгеріп кетті дейді. Бірақ аудан басшылығы бұл туралы мәлімет ұсынбады. Зейнеткерлер 1950-жылдары салынған мектеп болғанын, уақыт өте келе оның жабылып қалғанын айтты. Оқушылар бірнеше жыл бойы Аққала ауылындағы мектепке барып-келіп білім алды. Осы кезде тесік жолдар талай жүргізушінің көлігін талқандаған.
"Тұрғындар ауызсуды әрбірінің үйінде орнатылған құдықтан тұтынады. Жарыққа келсек, қатты жел мен боран себепші. Жарықпен қамту бойынша Көкпекті ауданына қарасты "Шығысэнерготрейд" ЖШС жауапты. Дегенмен бүгінде Қойтас ауылындағы Е.Букетов атындағы көшені жарықтандыру үшін 4 млн 157 мың теңгеге жобалау құжаттамасы жасалды", – делінген мәліметте.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!