Жақында фотограф, режиссер Ернар Алмабектің тауда жуа сатып жүрген бала туралы ролигі әлеуметтік желіде кең таралған болатын. Аталмыш видео 2 миллион қаралым жинаған. Оған кейіпкер болған Айарыс бір күнде танылып, онымен адамдар суретке түсіп, отандық телебағдарламалар шақыра бастаған.
Мassaget.kz порталының тілшісі Айарыс Анарбекпен кездесіп, тілдесті.
Айарыс Анарбек, 16 жаста. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұра аулының тұрғыны. Төрт баланың тұңғышы. Мектепте 10-сыныпта оқиды.
"4-сыныптан бері жуа сатамын. Наурыздың жиырмасынан мамырдың онына дейін тауға шығып, өзіміз жуа тереміз. Бір күн теріп, екінші күні соны сатамыз. Күніне шамамен 7-8 мың теңге табыс табамыз", - дейді ол.
Айарыс болашақта актер болғысы келеді, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқитын арманы бар.
"Бажалар" сериалындағы Шерхан Пірназар, "5:32"-дегі Әбілмансұр Серіков, Әшім Ахметовті өзіме үлгі тұтамын. Жалпы, отандық, шетелдік фильмдерді жиі көремін. Болашақта актер болсам деген арманым бар", - дейді ол.
Кейіпкеріміз мектепте әдебиетті сүйіп оқиды. Өлең де жазады.
"Поэзия ұнайды. Аздап өлең жазамын. Абай, Мұқағали өлеңдері ұнайды", - дейді кейіпкеріміз.
Ернар Алмабек кезекті кейіпкерін жолда кездейсоқ кездестіргенін айтады.
"Ауылға демалуға бара жатқанбыз. Жолға шыққан сайын кейіпкер іздеймін. Әдеттегідей тағы да іздеп келе жатқанмын. Мамырдың басында Сөгетіден өткесін, Көкпектіде Нұраның балалары тау жуасын сататынын білетінмін. Өткен сайын көретінмін. Бұл жолы бір жігітті суретке түсіріп алғым келді. Бірақ алдымнан кездескеннің бәрі ересек адамдар екен. Кейіпкер іздегенде образға қарайсың. Ешкім кездеспеді. Ары қарай өтіп кеттім", - дейді Ернар Алмабек.
Фотограф ары қарай өтіп кетіп, тау ішіне қайта келген.
"Тау ішінде кейіпкерді түсірген әдемі" деп келе жатқанда Айарыс кездесті. Басындағы, үстіндегі киімі көзге оттай басылды. Жолдың арғы бетінде екен. Отырған жерінде бір-екі сурет түсіріп үлгердім. Жүгіріп келді. "Қазір орныңа бара бер, фотосессия жасаймыз" дедім. Басында суретке түсуге қарсы болды. Бірақ Алтынай, Николайларды көрсетіп: "видео жақсы таралады" деп көндірдім. Суретке түсірдім, сұхбаттастым.
Аталмыш видео интернетте 2 миллион қаралым жинаған.
Айта кетейік, фотограф Ернар Алмабек ауыл адамдарын суретке түсіреді. Оның видеолары лезде таралып, кейіпкерлері бір күнде танылады. Сондай кейіпкерлерінің бірі – Жалаңаштағы Николай Дыцелмен сұхбаттасқан едік. Толық сұхбатты мына сілтемеге өтіп оқи аласыздар.