Әлем аралауды Атыраудан бастаған қазақстандық әйгілі жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов саяхатын қашан аяқтайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, әлемге саяхат екі жылға созылады. Жиһанкез Қазақстаннан бастап, Ресейге қарай ойысатын саяхатын 2025 жылғы тамызда аяқтағалы отыр.
Сапар сызбасы бойынша, екі жыл ішінде жиһанкез Қазақстан - Ресей - Грузия - Түркия - Болгария - Сербия - Венгрия - Австрия - Германия - Франция - АҚШ - Қытай - Моңғолия - Ресей - Қазақстан бағыты бойынша саяхаттап шығуы керек.
Осылайша, ақсақал әлемді жаяу аралап, саяхаттау арқылы Гиннестің рекордтар кітабына тіркеліп, әлемдік рекордты жаңартуды мақсат етіп отыр.
"Қазақстан бойынша жаяу марафон мен үшін өзінше бір сынақ әрі дайындық болды. Менің жасыма қарап, бұл бастамамды қабылдай алмайтындар да бар. Бірақ адамның жасы кедергі емес. Мен кез келген қиындықты еңсере алатыныма сенемін. Күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүремін. Осылайша, кішкентай қадамдар арқылы әлемді шарлап шығамын", - деді Сәрсенбай Қотырашев.
Сапары арқылы ақсақал ел ішіндегі қолөнершілер туралы ақпарат жинап, әлемге ЮНЕСКО арқылы насихаттауды да көздеп отыр.
Бір ғажабы, жиһанкез өзімен бірге бір ғана дорбасын ала шыққан. Оның ішінде қажет гигиеналық заттар, ауыстыратын киім-кешек, аяқкиім және азын-аулақ азық-түлік қана бар.
Баян Жанұзақова
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!