Күніне 111 макияж: визажист әлемдік рекорд жаңартты

24 сағат ішінде 111 макияж жасаған визажист әлемдік рекордты жаңартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сьерра-Леонелік визажист Мэри Йонгай 19 жыл бұрынғы әлемдік рекордты жаңартты. 26 жастағы қыз 24 сағат ішінде 111 макияж жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. 

Ережеге сәйкес, визажист әр макияжды жасағанда консилер, реңк беретін крем, румяна немесе бронзер, кем дегенде екі түсті көз бояуы, көз контурлағышы, тушь, далап немесе ерін жылтыратқышы, ерін контуры және ұнтақ пудра қолдануы керек. 

24 сағаттың ішінде Мэри бір-ақ рет 20 минуттық үзіліс жасады. Ол ештеңе жемей, тек алкогольсіз сусындар ішіп, құрамында кофеин мен никотин сияқты заттары жоқ нәрсе қолданып, тіпті дәретханаға бармаған. 

Мэри соңғы макияжын аяқтағаннан кейін әріптестері оған қошемет көрсетті.

"Халық көп жиналды. Мені макияж жасап болған соң ғимараттан шығару қиын болды. Адамдар маған құрмет көрсетіп, жеңісімді тойлап жатқанда өзімді күшті сезіндім. Әлі есімде, ғимараттан шығып жатқанда, адамдар тым көп болды, мен есімнен танып қалдым. Бірақ қонақүйге жеткенде, мен бұл рекордты жаңарта алғаныма қуандым", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейінгі рекорд Марта Тилаарға тиесілі болды. Ол 24 сағатта 96 макияж жасап үлгерген болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!