Күніне шамамен 20-30 минут ұйықтау денсаулыққа пайдалы, бірақ бұдан да ұзақ ұйықтау проблемаларға әкеп соқтырады. Бұл туралы неврапатолог Елизавета Ермилова және токсиколог Михаил Катушов ескертті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известияға" сілтеме жасап.
Егер күндіз ұйықтау созылмалы ұйқысыздық немесе нарколепсиямен байланысты болса, әңгіме күндізгі патологиялық ұйқышылдық туралы болады. Ал ұйқының обструктивті апноэ синдромы көбінесе күндізгі ұйқышылдықпен бірге жүреді.
"Сондай-ақ ұзақ ұйықтау (60-90 минут, әсіресе кешке жақын) уақыт өте келе ұйқы гормоны мелатонин өндірісін бұзуы мүмкін деген болжам бар. Бұл кейіннен "ұйқы – ояну" циклының бұзылуына әкеп соқтырады", – деп түсіндірді Елизавета Ермилова.
Өз кезегінде токсиколог Михаил Катушов ұйқысыздық немесе психикалық проблемалары бар адамдарға сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, 30-40 минуттан ұзақ ұйықтау ұйқының терең сатысына түсіп, оянған кезде бағдарсыздық пен шаршау сезіміне қауіп төндіреді.
Бұл жағдай – ұйқы инерциясы деп аталады, ол 15 минуттан бір сағатқа дейін созылуы мүмкін. Күндіз ұзақ ұйықтау түнгі ұйқы режимін бұзуы мүмкін, бұл ұйқысыздыққа әкеп соқтырады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!