Желі қолданушылары Ғылым ордасындағы жөндеу жұмысының ұзаққа созылғанына наразы. Олардың айтуынша, осының зардабын Орталық ғылыми кітапхана шегіп отыр. Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ғимаратты жөндеп жатқан Qazaq Stroy компаниясына сауал жолдады.
Журналист, ғылымды насихаттаушы Дина Иманбай әлеуметтік желіде Ғылым ордасындағы Орталық ғылыми кітапхананың құнды жәдігерлері шаң басып тұрғанын айтты.
"Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары шіріп жатыр. Қаныш Сәтбаев негізін қалаған кітап қоры жойылуға таяу тұр. Ғылым ордасы мекемесінің ғылыми кітапханаға неге жаны ашымайды? Жеке кітапхана мәртебесінен айырылған 2012 жылдан бері Орталық ғылыми кітапхана проблемадан көз ашпады. Бұл мәселе туралы бірнеше мақала жаздық. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде – депутат Мақпал Мыса, Сенатта – Алтынбек Нухұлы мәселе көтерді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жағдайды жақсы біледі. Әйтсе де еш өзгеріс жоқ. Бөлінген миллиард теңгеден кітапханаға қайыр болмады. Кітап қоймасындағы температура қыста – 9 градус, жазда – 30 градус. Мұндай температурада кітаптар шіриді. Он жыл болды, жағдай осылай", – деп жазған ол.
Бұған дейін филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова да жөндеу жұмысының ұзаққа созылғанын айтып, наразылығын білдірген еді.
"Құнды әдеби жәдігерлердің сақталу режимі қазір бұзылған! Шаң-тозаңның астында қалған кітапханашыларды көріп, жаның ашиды. Қандай жанкешті адал адамдар бар ол жерде?! Ұлттық мұраны аманат деп түсінгендер қалған бұл жерде! Бірақ мына әдеби мұра жойылса, сұрайтын ғылыми қауым бар екенін есте сақтаңыздар! Бұл қолжазбалар сонау кеңес кезінде де мұндай сұмдыққа ұшырамаған еді!", – деп жазған ол.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне сауал жолдады. Министрлік кітаптардың сапасына қатысты қауіпсіздік шаралары сақталғанын айтты.
"Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ғылым Ордасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы №723 бұйрығына сәйкес ғимарат уақытша Алматы қаласы әкімдігінің балансына берілген. Орталық ғылыми кітапханада құнды әдеби жәдігерлер орналасқан қор күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпеуіне байланысты қорларда жөндеу жұмыстары қарастырылмаған, сол себепті қор сол қалпында сақталып, қорларды одан әрі сақтау бойынша қауіпсіздік шаралары қабылданған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 31 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында жас ғалымдармен кездесу барысында күрделі жұмыстарды жүргізуші мердігер компания Qazaq Stroy ЖШС басшылығына жөндеу жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды", – делінген жауапта.
Ғимаратта жөндеу жұмысы нақты қашан аяқталатынын білу үшін редакция Qazaq Stroy компаниясына да сауал жолдады. Компания мәліметінше, жөндеу жұмысы 2024 жылдың аяғында аяқталуы керек. Ал жалпы жөндеуге 19 миллиард теңге көлеміндегі қаражат жұмсалған.
"Qazaq stroy компаниясы Ғылым ордасы ғимаратын күрделі жөндеу жобасына 2023 жылдың ортасында кірісті. Кез келген құрылыс немесе жөндеу жұмыстары алдымен нысанды тексеруден, қажетті есептеулерді жүргізуден, жобалаудан, жалпы жұмысты жоспарлаудан басталатыны түсінікті. Ғылым ордасы тарихи нысан болғандықтан, мұндағы басты мақсат – оның бастапқы бірегейлігін, әсемдігін сақтап қалу болды, ол үшін тыңғылықты дайындық, асқан мұқият тексеру жұмыстары жүргізілді", – делінген жауапта.
2022 жылғы 1 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойлық сессиясына қатысып, Үкіметке Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, "Ғылым ордасы" ғимаратында кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілер тартуды тапсырған еді.
"2023 жылы Qazaq Stroy компаниясы ел үшін маңызы зор тарихи нысанның бастапқы келбетін сақтауға үлесін қосуға ниет білдіріп, ғимаратты жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын толығымен өз есебінен жүргізу міндетін мойнына алды. Ғимаратта техникалық тексеру жүргізілді. Жоба аясында Qazaq Stroy жылыту және сумен жабдықтау жүйесін жаңарту, шатыр, лифтілерді жаңарту, қасбеттік бөлігін, терезелерін ретке келтіру туралы тапсырма алды. Жұмыс аумағы – 38 000 шаршы метр. Нақты кешенді, күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың басында жүргізіле бастады. Жөндеу жылдың соңына дейін бітеді деген әу бастағы жоспар орындалып отыр", – делінген жауапта.
Компания мәліметінше, олар Орталық ғылыми кітапханада 5,7 миллион жәдігер сақталатын қорда арнайы ауа желдету жүйесін, жалпы ғимарат бойынша климат бақылау жүйесін орнатты, бұдан бөлек, коммуникацияларды толық ауыстырып шыққан.
Бұл жауаптан кейін 2 қазанда Massaget.kz тілшісі Дина Иманбаймен бірге Ғылым ордасының ғимаратына барып көрді.
Мұндағы жұмыскерлердің айтуынша, жылу желілері ажыратылған. Жұмыстың көп бөлігі әлі аяқталмаған.
Компания қызметкерлері жұмыстардың күрделі бөлігі аяқталып, қазір әрлеу-әзірлеу бойынша шаруалар жасалып жатқанын айтты. Алайда ғимарат ішінде жөндеу "әрлеу-әзірлеуге" жетпеген секілді.
"Ғылым академиясының қызметкерлері ғимаратқа оралып, жұмыс орындары ыңғайластырылған", – делінген жауапта.
Алайда Massaget.kz тілшісі мен Дина Иманбай ғимаратты түгел аралап, бірде-бір ғалымды таппады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамырда Ғылым ордасында ғалымдармен кездескен еді. Бұл уақытта ғимараттың бұл бөлігі аяқталып, мұнда конференция өткізілген.
Алайда 1 қазанда жақында ашылған конференция залына өту мүмкін болған жоқ.
Сондай-ақ компания өкілдері "мрамор мен гранит қытайдың арзан кафеліне ауыстырылған" деген ақпаратты жоққа шығарды.
Дәл қазіргі таңда "Ғылым ордасы" ғалымдар қоныстануға толық дайын емес. Ғимаратта жөндеу жұмысы Qazaq Stroy компаниясы уәде еткендей, 2024 жылдың аяғына дейін біте ме? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындала ма? Massaget.kz тілшісі жіті бақылауында ұстайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!