- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күнде таңертең мысықтар...
"Күнде таңертең мысықтар оятады". Хатайдағы қазақ жер сілкінісі туралы айтып берді
Аян Әділақынов турист ретінде Ыстамбұлға келген. Түркияда жүргенде жер сілкінісі орын алған. Ол бірден Қазақстанға қайтпай, зардап шеккендерге көмектесу үшін ерікті ретінде қалған. Отандасымызға Massaget.kz порталының тілшісі хабарласып, Хатайдағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмек көрсетіліп жатқанын білді.
Аян Әділақынов көмек көрсету үшін әр елден еріктілер келіп жатқанын айтады.
"Ыстамбұл еріктілері деген арнайы топ бар. Сол жерден "Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Хатайға кім барады?" деген хабарландыру оқыдым. Бірден жазылдым. Жалпы, 300 ерікті баратын болған едік, бірақ 25 адам ғана келдік. Тобымда жалғыз қазақпын. Түрікменстан, Армения, Украина, Ресейден келген еріктілер бар", - дейді ол.
Аян құтқару жұмысына бірден араласып кетпеген. Қазір құтқару жұмысына дейінгі палатка құру, зардап шеккен адамдарға көмек беру жұмыстарын атқарып жатыр.
"Бүгін бізге құтқару жұмысына рұқсат береді", - дейді ол.
Аянның айтуынша, Хатай қаласында жер сілкінісі күнде қайталанып жатыр.
"Күнде таңертеңгісін, сағат шамамен 05:00-дерде жер сілкінісі болып жатыр. Бүгін мысалы, таңғы сағат 04:15 кеткенде жер сілкінді. Біздің лагерьде мысықтар бар. Солар үстімізге келіп шығып алады, мияулап оятады. Басында түсінбей жүрдік. Олар жер сілкінгенге дейін 2 минуттай бұрын мияулай бастайды екен. Кеше де, бүгіндей дәл осы жағдай қайталанды. Сөйтсек, мысықтар бірінші сезеді екен ғой", - дейді ол.
Бірақ, бұл жер сілкіністерінің адам өміріне қаупі жоқ. Күші әлсіз, 3,2 немесе 2 шамасында ғана әлсіз діріл болады.
"Бұл жерде қирамаған үй қалмаған. Тіпті құламаған үйлердің өзін пайдалануға келмейді, қатты зардап шеккен. Енді салынып жатқан ғимараттар да қисайып қалған", - дейді ол.
Аянның Ыстамбұлдан Хатайға жету жол шығынын қазақтардың "Қызыл Ай" деген қоғамдық қоры көтерген.
"Мен қазір жергілікті AFAD жедел құтқару ұйымына тіркелдім. Ерікті ретінде тіркеуде тұрмыз. Алдағы уақытта құтқару жұмыстарына қатысамыз", - дейді ол.
Қазір көп уақыт өтсе де құтқарылып жатқан адамдар бар.
"Хатайда 201 сағаттан соң 26 жастағы әйел құтқарылды. Қазір әйелдің жағдайы жақсы. Қажетті көмек көрсетілген. Бірақ көп адам аман қалып жатқан жоқ", - дейді Аян.
Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 40 мыңнан аса адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады.
Әлі де жер сілкінісі салдарынан үйінді астында қалған адамдар бар. Бүгін Түркияның Адыйаман провинциясында жер сілкінісінен 212 сағат өткен соң үйінді астынан 77 жастағы әйел аман шығарылды.
Т. Раушанұлы