- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Күнде сегіз стақан...
Күнде сегіз стақан су ішсеңіз не болады?
Су – біздің ағза үшін өмірлік маңызы бар ресурс. Ол органдар мен жүйелердің қалыпты жұмыс істеуіне көмектесе отырып, көптеген процестерге қатысады. Көпшілік адам күніне сегіз стақан су ішу керегін естиді. Tengri Life судың мұндай мөлшерін ішу қаншалықты пайдалы екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Су ішудің пайдасы
Ағзаның гидратациясы. Суды жеткілікті мөлшерде ішу гидратацияның қолайлы деңгейін ұстап тұруға көмектеседі. Бұл әсіресе ыстық ауа райында немесе физикалық жүктеме кезінде маңызды. Гидратация жасушалар, органдар және жүйелердің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Асқорытуды жақсартады. Тамақ ішер алдында бір стақан су ішу асқорытуды жақсартады. Су тағамдық сөлдерді араластырып, ішектер жиырылуын жақсартады. Бұл тиімді асқорытуға және пайдалы заттардың сіңуіне ықпал етеді.
Дене температурасын реттейді. Су дененің қалыпты температурасын сақтауға көмектеседі. Ол ағзаның қызып кетуінің алдын алады.
Тері саулығын сақтайды. Су тері жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Ылғалды тері серпімді, жас және жарқын көрінеді. Ал судың жетіспеуі теріге жағымсыз әсер етіп, оны құрғақ етеді.
Жалпы хал-жағдайға жағымды әсер етеді. Су ағзадағы биохимиялық реакцияларға қажет. Ол қоректік заттарды тасымалдауға, уыттарды шығаруға, сондай-ақ жүрек, бүйрек және басқа органдардың қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі.
Күніне қанша су ішу керек?
Жалпыға ортақ ұсыныс - күніне 2,7 литр (шамамен 8 стақан) су ішу. Бірақ күніне 8 стақан су ішу міндетті емес. Су ішу бойынша ұсыныс әр адамға жекелей беріледі. Ол оның физикалық белсенділігіне, климаттық шарттарға және денсаулық жағдайына қарай өзгеріп тұрады. Сондықтан өз ағзаңыздың белгілерін тыңдау және шөлді қажеттілік бойынша қандыру маңызды.
Неліктен суды өте көп ішуге болмайды?
Мүмкін қауіптер:
- Ағзада судың тұрып қалуы. Судың көп мөлшері ағзада натрий деңгейінің өте төмен болуына әкелуі мүмкін. Бұл түрлі белгілер береді: бас ауыру, жүрек айну, шаршаңқылық және құрысулар пайда болуы мүмкін.
- Электролиттерді жоғалту. Суды көп ішу натрий, калий және магний секілді электролиттерді жоғалтуға әкелуі мүмкін. Бұл бұлшықеттер мен жүйке жүйесі жұмысына жағымсыз әсер етеді.
- Дәретханаға жиі бару. Суды көп ішу жиі зәр шығаруға әкеледі. Бұл жұмыс жасау кезінде немесе түнде ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.
Қорытынды
Күніне сегіз стақан су ішу денсаулық үшін пайдалы болуы мүмкін, бірақ ағза ерекшелігін ескеру де маңызды. Сіз үшін судың қолайлы мөлшерін анықтау үшін дәрігермен немесе диетологпен кеңесу ұсынылады.
А. Жапатова