- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Күн сайын энергетикалық...
Күн сайын энергетикалық сусын ішсе, не болады?
Қазір кез келген дүкен сөрелерінде энергетикалық сусын сатылады. Мамандар әлдеқашан бұл сусынның денсаулыққа зиян екенін айтқан. Биолог Александр Созыкин жүйелі түрде энергетикалық сусын ішу тәуелділікті ғана емес, өлімге де әкеп соқтыруы мүмкін дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter-ге сілтеме жасап.
Энергетикалық сусынның құрамы қандай?
Бұл сусын асқазанда тез қорытылып кетуі үшін газдалған судан дайындалады. Негізгі компоненттері: жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесін күрт ынталандыратын қант және күшті кофеин. Сондай-ақ, көп мөлшерде таурин, В дәрумендері (ас қорытуға пайдалы), синтетикалық бояғыштар мен хош иістер бар.
Биологтың айтуынша, қазір дүкендерде сатылатын энергетикалық сусынның 100 грамында шамамен 25-40 мг кофеин бар. Бұл адам денсаулығына аса қауіпті мөлшер.
"Энергетикалық сусынның бір бөтелкесінде 3-4 шыны кофенің күші бар", - дейді Александр Созыкин.
Энергетикалық сусынды кімге ішуге болмайды?
"Энергетикалық сусын жүкті әйел, бала емізетін ана, 70 жастан асқан қарттардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Оны ас қорыту, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесі мен психологиялық аурулары бар адамдар ішпегені абзал", - дейді биолог.
Энергетикалық сусынды ішкеннен кейін ағзаға не болады?
"Адам күніне 0,5 литрден көп энергетикалық сусын ішпеуі керек, сонымен қатар энергетикалық сусын ішкеніңізге қарамастан, бірнеше сағаттан соң қайта шаршауыңыз мүмкін екенін ұмытпаңыз", - дейді Александр Созыкин.
Егер энергетикалық сусынды күнделікті ішетін болсаңыз, 3-6 айдың ішінде тәуелділік пайда болып, кейін ол патологиялық тәуелділікке айналуы мүмкін.
"Мұндай сусынды күнделікті көп мөлшерде ішудің салдары көңіл қуантпайды. Диарея және құсу, асқазан жарасы және басқа аурулар өршиді. Оған қоса, аритмия, инфаркт, инсульт, кенеттен есінен тану, кейінірек қайтыс болу қаупі жоғары", - деп түсіндірді маман.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дәрігер "энергетикалық сусын көп ішкеннен адам өліп кетуі мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берген еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бел ауруы психосоматика бойынша нені білдіреді?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә