- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күн сайын бір...
"Күн сайын бір проблема". Теміртаулықтар мемлекеттік тұрғын үй сапасына наразы
Теміртаудағы екі әлеуметтік бес қабатты үй тұрғындары құрылыс сапасына наразы. 180 пәтер шарт бойынша кезекте тұрғандарға берілген, алайда сапасына сенім артпағандардың жартысына жуығы жаңа тұрғын үйге кірмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала тұрғыны Жанна Кеңесбаеваның айтуынша, бұл үйде тұру мүмкін емес. Кәріз құбыры дұрыс орнатылмаған, ал терезелерден жел соғып тұр. 2 ай бұрын әкімдік жалғысбасты анаға осы үйдің кілтін тасбыстаған. Бірақ ол үш жасар баласымен бұл үйге кіруге асығар емес. Әлі де үй жалдап жан бағып отыр.
"Терезелер де сапасыз. Тәуелсіз мамандарды шақырдық. Мұның бәрін өзіміз қайта қалпына келтіретін болсақ, 200 мың теңге төлейді екенбіз. Терезелер дұрыс жабылмайды. Күн сайын келсең, бір мәселеге жолығасың", - дейді Жанна Кеңесбаева.
Тұрғындардың айтуынша, үй іші суық, терезелерге мұз қатқан, токтары жұмыс істемейді. Шатыр да қауіпті жағдайда. Ток жүргізетін барлық мыс сымы кесіп алынып, орнына альюминий орнатылған.
Айтылған шағыммен әкімдік те келісіп отыр.
"Теміртау қаласының ТКШ бөлімімен "Балқаш Жібек жолы" мердігерлік ұйымының атына барлық ескертуді жою туралы хабарлама жіберілді. Мердігер ұйым осы ескертулерді жою бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, осы аптада үйлердің тұрғындарымен, "Балқаш Жібек жолы" ЖШС басшылығының өкілімен жиын өткізіледі", - дейді Теміртау қаласының ТКШ құрылыс секторының меңгерушісі Нұржас Жақытай.
Әкімдік те мердігерді таңдауда қателескенін айтып отыр. Үйді Балқаш қаласының компаниясы салған. Жеңімпазды мемлекеттік сатып алу арқылы анықтаған. Бұл компания басшысы бәрі жоба бойынша жасалғанын мәлімдеді.
"Біз үйді шілдеде тапсырдық. Қарашаға дейін бұл үй бос тұрды. Бос тұрғандықтан ақаулары да шыға бастады. Біз бәрін жоба бойынша істедік. Өз міндеттемелерімізден бас тартпаймыз. Жіберілген қателіктерді түзейміз", - компания директоры Марат Түсіпбеков.
Үйлердегі батарея нашар күйде. Бірақ үйге кейінгі үлгідегі жабдықтар орнатылған. Тұрғындар бұл үйде жалдау ақысын төлеп тұрады және пәтерлерді сатып алуға құқығы жоқ. Үйді күтіп ұстауға жұмсалатын шығын Теміртаудың басқа жеріне қарағанда қымбат, қала ішінде алаңның шаршы метріне 40-45 теңге төленсе, бұл үйлерде 55 теңгеден есептеледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz