- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күн көру мүмкін...
"Күн көру мүмкін емес". Екінші дәрежелі банк арқылы ипотекаға пәтер алған жанмен сұхбат
Бүгінде түрлі мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бар. Алайда мұндай бағдарламаға елдің барлығы бірдей қатыса алмайды. Талапқа сай келмейтін кейбір адамдар баспананы ипотекаға екінші дәрежелі банк арқылы ала алады. Бірақ оның артық төлемі мен талабы мемлекеттікке қарағанда көбірек және қиынырақ болуы мүмкін. Massaget.kz тілшісі екінші дәрежелі банк арқылы ипотекаға үй алған жанмен сұхбаттасып, егжей-тегжейін білді.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген кейінкеріміз Алматы облысы, Қарасай ауданы Қаскелен қаласының тумасы. 26 жаста, үйленген, бір ұлы бар. Оның айтуынша, ипотекаға баспана алуды біршама уақыттан бері жоспарлаған.
"Қазір ата-анаммен бірге тұрамыз. Отбасымда 4 ағайындымыз, өзімнен кейінгі інім үйленетін болғандықтан, былай айтқанда қара шаңырақтан бөлек шығу керек болды, сондықтан ипотекаға үй алдым. Негізі ипотекаға баспана алу ойымда бұрыннан бар, соңғы бірнеше жылда ақша жинап, ойланып жүрген едім. Інімнің қуанышы жоспарымның жүзеге асуына себепші болып отыр", - дейді ол.
Кейіпкеріміз пәтерлі болуды біраздан бері ойлап жүргенімен алғашқы жарнаның толық сомасын жинап үлгермеген көрінеді.
"Әйелім және ұлымды алып бөлек шығу керек болғандықтан, бәріміз жабылып пәтер іздей бастадық. Алдымен мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекаға пәтер қарастырдық, бірақ ол үшін пәтерді 6 ай күту керек, оның үстіне алғашқы жарна 50 пайыз болуы қажет. Мұндай шарттар менің жағдайыма сай келмеді, сөйтіп екінші дәрежелі банк арқылы алу туралы шешім қабылдадым. Бағасы мен мекен жайы, пайызы бізге ыйғайлы болатындай пәтер таптық. Бірақ, өкінішке қарай мен жинаған қаражат алғашқы жарнаға жетпеді, осыған байланысты ата-анам көмектесті", - деді ол.
Өзі мен ата-анасының жинағын қосып, таңдаған пәтеріне алғашқы жарна ретінде толық соманың 20 пайызын құйған.
"Пәтерді ипотекаға екінші дәрежелі банк арқылы алдық. Мен құрылыс компаниясынан алдым, жылдық пайызы - 14,5. Өзімнің жинаған қорым 2,5 миллион теңге, ата-анам тағы осы соманы қосты, барлығы 5 миллион теңге болды. Пәтер Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, "Alem City 2" тұрғын үй кешенінің 6 қабатында орналасқан. 2 бөлмелі, жалпы ауданы 60 шаршы метр, терезелері аулаға да, көшеге де қарайды. Айына 273 мың теңге төлеймін", - деді кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміз қарапайым бағдарламаларды да зерттеген, бірақ олардың тиімсіз екенін түсініпті.
"Мен ипотекаға пәтерді қарапайым бағдарлама арқылы алуды да қарастырдым, бірақ маған кеңес берген жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы олардың пайызы 18,5 болатынын айтты. Мен мұндай пайызбен төлегім келмеді, сондықтан тікелей құрылыс компаниясынан осы пайызбен алдым. Пәтердің артық төлемі әрине аз шықпайды. Бірақ мен қазір ол үйді 25 миллионға алғаныммен, 15 жылдан кейін 40-50 миллион теңге болуы мүмкін ғой, инфляция бар деген сияқты. Әзірге жағдайыма сай келіп тұр", - дейді ол.
Фото: Depositphotos
Сонымен қатар, кейіпкеріміз табысы туралы да әңгімеледі. Өйткені, бұған дейін айтқанымыздай үйді екінші дәрежелі банк арқылы алу мемлекеттік ипотекалық бағдарламаға қарағанда қалтаға қымбатырақ түседі. Сондықтан, екінші дәрежелі банк арқылы ипотекаға пәтер алған кейіпкерімізден айлығын ай сайын төлем мен өмір сүруге қалай жеткізіп отырғанын білуді жөн көрдік.
"Негізі менің екі табыс көзім бар, біріншісі, негізгі жұмыс орным, ондағы айлығым 450-500 мың теңгенің арасында. Екіншісі, кішігірім кәсіппен айналысамын. Өйткені отбасым бар, оларды асырау керек. Не дегенімен ипотекаға төлейтін сомадан бөлек, тағы азық-түлікке, коммуналдық төлемге, жүріп-тұруымызға ақша қажет. Бір ғана жұмыс істейтін болсам, мұның бәріне күн көру мүмкін емес. Әйелім жұмыс істемейді, үйде, бала қарап отыр", - деп түсіндірді ол.
Кейіркеріміз ипотекаға пәтер алуға өтініш бермес бұрын рәсімделген барлық несиені жабуға кеңес берді.
"Менің қосымша несием жоқ. Маған кеңес берген жылжылмайтын мүлік бойынша сарапшы ипотекаға баспана алуға өтініш берердің алдында барлығын жабу керегін айтты. Себебі, басқа да несие болуы айлыққа ауыртпалық түсіріп, баспананың несиесін төлеуге мүмкіндікті азайтуы мүмкін. Мысалы, менің жалақым 500 мың теңге болса, банк оның 50 пайызын ғана төлем қабілеті ретінде қарастырады, яғни 250 мың теңгеге есептелінген несие көлемі ғана беріледі. Алайда қосымша несие болатын болса, жалақы өмір сүру мен бұған дейінгі несиелердің төлемін жасауға жетпейді. Сондықтан, барлығын төлеп, жауып тастадым", - деді ол.
Жақында ғана ипотекаға екінші дәрежелі банк арқылы пәтер сатып алған кейіпкеріміз жөндеу жұмыстарын енді бастап жатыр.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ғұндардың қоғамдық және мемлекеттік құрылымы қандай болды?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә