- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құмар ойындарға, қалғанын...
"Құмар ойындарға, қалғанын кредиттерін жабуға жұмсаған". ШҚО-да мектеп есепшісі қомақты сома жымқырған
Шығыс Қазақстан облысы Күршім аудандық сотында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін мектеп есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есепші 2018 жылғы қаңтардан 2022 жылғы шілдеге дейінгі аралықта "Күршім ауданы бойынша білім бөлімі" орта мектебінің есепшісі бола тұра, бюджет қаражатын өзінің банк картасына және мектепте қызмет атқармайтын туыстарының банк карталарына заңсыз аударып отырған. Осылайша, ол мемлекетке 11 936 063 теңге сомасында залал келтірген.
М. кінәсін мойындады, жәбірленуші өкілінің куәлардың түсініктерімен, сот-экономикалық сараптама қорытындысымен толық дәлелденді. Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындап, 9 миллион теңге құмар ойындарға, ал қалғанын кредиттерін жабуға жұмсағанын айтты. Ол бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Бұл - ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл қылмысты жасағаны үшін екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сотталушының кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін және жасөспірім балаларының болуын ескерді.
Сот М.-ны кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметті атқаруға өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек