Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Талғарда болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың пікірінше, бұл істің арты шуға ұласуына блогерлер мен журналистердің әсері бар.
"Блогері бар, басқасы бар, сіздер бүкіл Қазақстан бойынша тұрмыстық қылмыстар жөнінде ақпарат беріп жатқан жоқсыздар ғой. Үржарда болып жатыр. Мақаншыда болып жатыр. Мүлдем айтып жатқан жоқсыздар. Соның кесірі ме деп ойлаймын. Журналистер мен блогерлерді кінәлаған жоқпын. Оның әсері бар деп айттым", - деді ол.
Зайытовтың сөзіне сенсек, бұл оқиғадан хабары жоқ.
"Өтірік айтпайын, бұл оқиғадан хабарым жоқ. Мен қайдан білемін?! Бейхабармын. Әлеуметтік желіде киноның айналасында да шу болады. Біріншіден, бәрін қарап отыруға міндетті емес шығармын. Екіншіден, егер барлық осы оқиғаның айналасында жүрген журналистер, блогерлер шынымен қазақ қоғамындағы әділетсіздікті, қазақ қоғамындағы кемшіліктерді түзетуге ұмтылған тұлғалар болса, барлығына әділетті қарасын. Ондай оқиға жоқ десе, маған келіңіздер, қай жерде қандай оқиға болып жатқанын қолдарыңызға беремін. Мысалы, Семейде бір кісінің ұлын вахтада болған кезінде өлтіріп кетеді. Соған іс қозғалмағанына бір жылдан асты. Бір-ақ кейс қана", - деді ол.
Депутат ауылдарда, аудандарда оқушыларды соққыға жығу бойынша дерек көп екенін жеткізді.
"Кісі өлімі болып жатқан деректер өте көп. Айналасында жүрсеңіздер, мархабат. Бір осындай оқиғаның айналасында барлығы жиналып, оны Мәжіліске дейін алып келіп, қандай да бір әңгіменің жанында от жағу керек болса, күмәнмен қараймын. Иә, қайғылы оқиға. Мен оны резонанс емес деп жатқан жоқпын. Оның айналасына байланып қалудың өзі күмән тудырады", - деді депутат.
Айта кетейік, 9 желтоқсанда таңертең Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Полиция мәліметінше, марқұм өзіне-өзі қол жұмсаған, сондай-ақ ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат екені расталған.
Кеше Нұрқанаттың жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Бүгін ол 15 тәулікке қамалды.
Еске салайық, Талғарда 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар Алматы облысы полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!