- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құлындар өлі туып...
"Құлындар өлі туып жатыр". Ақмола облысында мал жайылатын жер тапшы
Жайылым жер жетіспеушілігі - қай өңірде болмасын аса өткір мәселе. Мәселен, космомониторинг зерттеу деректері бойынша Ақмола облысының Біржан сал ауданында 27 мың гектар жер игерусіз жатқаны анықталған. Алайда бұл аймақта мал жаятын жер таппай қиналған ауыл көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауданда Баймырза, Қаратал, Шошқалы, Қоғам, Жаңаталап ауылдарының тұрғындары мал бағатын жер таппағандықтан мал санын азайтып, су тегін арзанға сатуға мәжбүр болғандарын айтады. Мәселен Біржан сал ауданына қарасты Қаратал ауылында жайылым жер жайы тіпті қиын. 45 отбасы түтін түтететін шағын ауылда жайылым жер жоқтығы салдарынан халық малынан түгелдей айырылатын түрі бар. Ауыл адамдарының айтуынша, қазір жайылым жер жоқтығынан жылқы көтерем болып, ауылдағы биелердің жартысынан астамы құлын тастаған.
"Осы ауылда жылқы бағамын. Ауылдың бар жері жыртылып жатыр. Сонау Кеңес заманынан бері 170 гектар жер болған. Сортаңдау жер болғандықтан бұл жерде егін де, шөп те шықпайтын болған соң, егін шықпаған соң бос қалған. Ал жоғарыға егістік жер ретінде тіркеліп кеткен. Билік өзгерген кезде де жердің құжатына еш өзгеріс енгізілмепті. Жердің барлығын "Баймырза Агро" деген аграрлық кәсіпорын иелік етеді. Былтыр бір-екі адамға сол 170 гектар жерді берген. Олар ауылдың малы жайылатын сол жердің өзін жыртып тастады. Енді ауыл бір жағында "Астана-Көкшетау" автобаны, бір жағы орман, тұтас айнала түгел егістік дала болып ауыл мүлде жайылымсыз қалды. Мал бағу мүмкін еместей күйге жеттік. Былтыр бірдеңе етіп маңайдағы жерді шиырлайтынбыз. Енді жерді жыртып тастағалы бері бағатын жайылым да жоқ. Ауылда 250 шамасында жылқы, 200 бас сиыр, 500-дей қой-ешкі бар. Жылқының шамамен 120 басы бие десек, қазір соның жартысы шамасында құлын тастады. Көтерем жылқылардың құлындары өлі туып жатыр. Ішіміз удай ашиды. Бірақ амал жоқ. Мәселені айтып, Степняк қаласының әкіміне де, аудан әкіміне де бардық. Бірақ еш амал қыла алмайтынын айтып отыр", - дейді Әділ есімді ауыл жылқышысы.
Осы жағдайды пайдаланған мал алушы делдалдар су тегін арзанға алып, халықтың онсыз да қиын жағдайын одан сайын титықтата түсіпті.
"Ауылдағы ағайын жайылым жоқтығынан малын еріксіз арзан сатуға мәжбүр болып отыр. Қыстан көтерем шыққан малға баға да төмен. Кәрі малға 1200 теңгеге, жас малға 1800 теңгеге дейін ғана береді", - деді Әділ.
Жағдайдың аса қиын екенін Біржан сал ауданының әкімі де мойындады. Бірақ істі дереу шешу аса күрделі екенін жеткізді.
"Ауданда бірнеше ауыл жайылым жерден тапшылық көріп отыр. Бос жер жоқ. Баймырза, Шошқалы, Қаратал ауылдарында жайылым жерлер жетіспей жатыр. Заңға қайшы әрекет істей алмаймыз. Бірнеше ауылдық округта иесіз жатқан жерлер бойынша конкурстар өткізіледі. Соның қорытындысы бойынша мәселені шешу жоспарда бар. Бірақ мәселені шешу ұзаққа созылмақ. Бұл - ұзақ жыл бойы қордаланған күрделі мәселе", - дейді Біржан сал ауданының әкімі Достанбек Есжанов.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова