- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құлыбаев Алматы әкімдігінен...
Құлыбаев Алматы әкімдігінен 34 миллиард теңге талап етіп отыр - Депутат
Кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың компаниясы Алматы әкімдігінен 34 миллиард теңге өндіріп алмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өз сауалында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, талап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жерлерді қайтару ісіне қатысты. Мәжілісмен өз сауалын Бас прокуратураға жолдады.
«Соттың шешімі бойынша бизнес-орталық салынатын жерінен айырылып, Тимур Құлыбаевтың фирмасы Алматы әкімдігіне 34 миллиард теңге сомасында есепшот жасады. Енді соттан ұтылғаннан кейін компания бизнес-орталықтың құрылысына салынған заңсыз инвестицияларын өндіріп алғысы келеді. Әкімдер жер учаскелерін заңсыз берген барлық жобаларға қатысты осындай жағдай болады», - деді депутат мәжіліс отырысында.
2017 жылғы 1 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы әкімдігіне әл-Фараби даңғылы, 71 бойынша жер учаскесінің шекараларын түзету туралы өтінішпен жүгінген. Жалпы алғанда, ҚазҰУ өз аумағын бір гектарға – 73,2-ден 72,1 гектарға дейін қысқартуды жоспарлаған.
Даудың басы
2023 жылдың желтоқсанында депутат Бақытжан Базарбек Мәжіліс қабырғасында 2021 жылдан бастап ҚазҰУ жері, Алматының Іле-Алатау саябағының жері, таулары, алма бақтары жекенің қолына өтіп кеткенін мәлімдеген. Ол Парламентке дейін де заңгер ретінде аталған мәселені қоғам талқысына салған.
«2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы департаментіне өз атымнан арыз жаздым. 2018-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде бірнеше қаулы қабылданды. 2017-2019 жылдары шамамен 8 қаулы шықты, нәтижесінде ҚазҰУ жері, алма бақтары және таулы бөктердегі жерлер жекенің қолына өтіп кетті. Арызымда қылмыстық іс қозғау туралы өтініш білдірдім, бірақ өкінішке қарай, Алматы қаласының антикор департаменті істі қозғаудан бас тартты», - деді Базарбек.
Алматының экс-әкімі құжаттарға қол қойған
Арызында депутат «Бауыржан Байбектің үстінен» деген жазба қалдырған, себебі барлық қаулыларға Байбек қол қойған.
«Нәтиже болған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы департаменті ҚазҰУ жеріне қатысты ведомствоаралық комиссия құрылып жатқанын және шешім осы комиссия аясында қабылданатынын айтты. Маған сол комиссияға шақыратынын айтты, бірақ бір ай, екі ай, бес ай, бір жыл өтті, мені шақырған ешкім болмады. Сондықтан амалсыздан 2022 жылы «Жер аманаты» республикалық комиссиясы аясында тексеріс жүргізуге тура келді», - деді депутат.
Базарбек 2022 жылдың маусымында ҚазҰУ-дыңжеріне қатысты тексеріс жүргізуге арыз бергенін және жер ресурстарын басқару департаментінің тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтағанын мәлімдеді.
«Тексерістің нәтижесінде төрт қаулы заңсыз деп танылды. Осыдан кейін ҚазҰУ-дың жері мемлекет меншігіне қайтарылуы керек еді, бірақ ол әлі қайтарылған жоқ. Себебі 2019 және 2020 жылдары қабылданған үш қаулы әлі де күшінде. Қазіргі уақытта жер ресурстарын басқару департаменті осы қаулыларды бұзып жатыр, сот оларды қайтарып жатыр», - деп қосты ол.
Олигархтардың есімін сұрағанда, Базарбек Atlas Development компаниясының атын атады.
«Оның құрылтайшылары – Динара және Тимур Құлыбаевтар. ҚазҰУ-дың жері 2017 жылы қаулымен бастапқыда 74,2 гектар еді. Бірақ уақыт өте келе бұл көлем 73,4 гектарға дейін қысқарды. 2010 жылы ҚазҰУ-дың жері 80 гектар болатын. Әр жыл сайын жер көлемі азайып, қазір 73,4 гектарға жетті», - деді депутат
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет