- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құлсарыда бірнеше нысанды...
Құлсарыда бірнеше нысанды су басты
Атырау облысындағы Құлсары қаласында тұрғын үйлерді, әкімдік ғимаратын, инфрақұрылымдық нысандар мен орталық стадионды су басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласының ортасымен ағатын Құрсай өзегінің арнасына су асқан. Алдымен Жадырасын шағын ауданын, 2 және 3-ауылға тасқын су кірген. Бүгін сағат 17:00-ге дейін Құлсары қаласында 500-ден астам нысанды тасқын су басқан. Оның ішінде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, әкімдік ғимараты мен сауда орталығы бар. Орталық стадион да тасқын судың ортасында қалған.
Бұл аудандағы тұрғындар саны – 86 939. Тұрғындардың арасында 7400 зейнет жасында адам, 2 465 мүгедек, 1004 жүкті әйел, кәмелетке толмаған 37069 бала бар. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов кеше, 4 сәуірден бері Жылыой ауданындағы тасқын судан қорғау жұмысына жетекшілік етіп жүр.
Тасқын судың ағынын Каспий теңізіне қарай бұру үшін Жем өзенінің арнасы екі жерден жарылған. Өзен арнасын тағы екі рет жару жоспарланған.
"Құлсарыда сағат 18:00-ге дейін 2 мың 400 тұрғын қауіпсіз аумаққа көшірілді. Тұрғындар арнайы бөлінген қабылдау пункттеріне орналастырылды. Енді эвакуацияланатын тұрғындар үшін "Теңіз" кен орнындағы вахталық кенттен жатақханалар дайындалып жатыр", - деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы