"Мүгедектер қоғамының" мүшелері балаларды жасыл терапия арқылы оңалтып жатыр", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сал ауруы сияқты ерекше диагнозы бар балалар тал, гүл егіп, тіпті, суғару жұмыстарын да өздері жасап жатыр. Жоба авторы Аманжан Қожасейловтің өзі зағиптығына байланысты 3 топ мүгедегі. Айтуынша, ерекше терапия күні бүгінге дейін 50 адамды қамтыған.
"GREEN терапия жобамыз мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше балаларға арналған. Біз ерекше күтімді қажет ететін адамдарды еңбекке баули отырып, оларды қажетті іспен айналысуға, сол арқылы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етіп отырмыз. Денсаулығы жоқ адам үшін өзінің қоғамда орны бар екенін сезіну өте маңызды. Жобамызда балалар көп. Қарапайым еңбек терапиясы сал ауруына шалдыққан балаларға оң әсер етуде. Үш айға жуық уақыттың ішінде мұндай ерекше балаларда қол моторикасының дамығанын көріп отырмыз" дейді Аманжан Қожасейлов.
Бір қызығы, терапия балаларға да, ересектерге де оң әсер еткен. Бірлесіп жасаған еңбектің арқасында жобаға қатысушылар арасында бір-біріне көмектесуге ұмтылу, сыйластық сияқты қарапайым адами қасиеттер артқан.
Ерекше жандар осылайша гүлдер мен ағаштарды Құлсары көшелеріне, гүзарларға, тіпті саябақтарға егіп жатыр. Егіп қана қоймай, олар жас өскіндерді суғару, баптауды да толықтай өз жауапкершіліктеріне артқан. Денсаулық жағдайларының ауырлығына қарамастан, қаланы көркейту, экологияны жақсарту ісіне үлес қосып жатқан ерекше жандардың бастамасы құлсарылықтарды тәнті етуде.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!