Құлсарыда 3 мыңға жуық үй әлі су астында - ТЖД

Құлсарыда 3 мыңға жуық үй әлі су астында - ТЖД
Фото: Massaget.kz/Нұржан Рысбеков

Бүгінде Жылыой ауданы Құлсары қаласында 3 мыңға жуық тұрғын үй мен нысан әлі су астында. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД ресми өкілі Айсұлу Келдіғалиева айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол аудандағы жағдай қатаң бақылауда екенін мәлімдеді.

"Құлсары қаласы Жем өзеніндегі судың деңгейі тәулік ішінде 20 сантиметрге төмендеді. Су тасқыны басталғалы бері өзендегі су деңгейі 136 сантиметрге төмендегені байқалады. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тасқын салдарын жоюға 3 мың 66 адам, 229 техника, 17 жүзу құралы, 31 мотопомпа тартылды.

Қазір Құлсарыда 2 748 тұрғын үй мен нысан әлі су астында. Тұрғын үйлерден суды сору жұмысы жүргізіліп жатыр мотопомпа", - деді Айсұлу Келдіғалиева ОКҚ-да өткен брифингте.

Су тасқыны басталғалы бері Жылыой ауданында 30 мыңнан аса текше метр су сорылып, 790 мыңнан аса қап, 200 мың тонна инертетті материал төселген.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде шамамен 6 мың үйді су басқаны хабарланған еді.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz