Құлсары тұрғындары су тасқынынан кейін жылан қаптағанын айтты

Атырау облысы Құлсары қаласы "Атырау" шағынауданындағы үш көпқабатты үйдің тұрғындары су тасқынынан кейін пайда болған мәселеге шағымданды. Олардың айтуынша, ылғал жертөлелерде жыландар пайда бола бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйлер 2023 жылы желтоқсанда көпбалалы отбасыларға берілген. 2024 жылы көктемде бұл баспаналар су тасқынының ортасында қалды. Екі айға жуық уақыт бойы тұрғындар пәтерлеріне кіре алмай, қайықпен қатынауға мәжбүр болды. Су тартылғаннан кейін жертөлелер тазартылды. Алайда, тұрғындардың айтуынша, ылғал әлі де кетпеген.

"Жертөлені тағы да су басып кетті. Алдымен көгерген иіс шығып, кейін тышқан қаптады. Енді жыландар пайда болды, күн сайын қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз. Балаларға уайымдаймыз. Біреуді жылан шағып алса, кім жауап береді?!" - деді тұрғын Гүлназ Қашабаева.

Үйлер жалдамалы тұрғын үй мәртебесіне ие және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде болғандықтан, тұрғындар жыландардың пайда болу себебін коммуналдық қызмет жоюға тиіс деп санайды.

Аудандық ТҮКШ бөлімі басқа ұстанымда. Ведомство басшысы Арман Абдолов тұрғындардың өтінішінен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары барып, жыланды жойғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жертөле тұрғындардың ортақ мүлкіне жатады, сондықтан оларды күтіп ұстау, тазалау - меншік иелері мен жалға алушылардың міндеті. 

Ал халық жертөледегі ылғал салдарынан жыландар тағы да пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз