Құлсары қаласының 1164 тұрғыны өтемақы алу туралы келісімге қол қойды, оның ішінде 606 тұрғын төлемді алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау облысы бойынша ТЖ жөніндегі жедел штаб.
Үйлерді аралау барысында мобильдік топтар 1667 үйді бағалау және техникалық тексерудің қортындысын таныстырды.
Сондай-ақ, келтірілген шығынды бағалау және бүлінген мүлікке техникалық сараптама жасау нәтижелерін түсіндірді.
Бұл жұмыстарға 20 мобильді топ жұмылдырылған.
Өтемақы алу туралы келісім-шартқа қол қойғандардың қатарында Жанаргүл Артығалиева да бар, оның үйі апатты жағдайда деп танылып, үйін толық бұзу ұсынылды.
"Екі комиссияның мамандары келіп, техникалық сараптама мен бағалау жүргізді. Содан кейін мобильдік топ бағалау қортындысымен таныстырды. Әкімдік ұсынған өтемақы көлемімен келісеміз, сондықтан, келісім жасадық", - дейді Жанаргүл Артығалиева.
Зейнеткер Дабыл Ахметов бүлінген мүлкін бағалау нәтижесімен танысып, ақшалай өтемақы алуға әкімдікпен шартқа қол қойғанын айтады.
"Су басқан үйімді әділ бағалағаны үшін Жылыой ауданының әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Енді біздің қаламызда мұндай су тасқыны болмайды деп сенемін", - дейді Дабыл Ахметов.
Құлсары қаласы тұрғындарының су тасқыны салдарынан бүлінген мүлкін бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мүлікті бағалауға жұмылдырылған мамандары тәулік бойы жұмыс істеуде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!