Мақта таяқшалары құлақты тазалауға арнап шығарылған. Дегенмен интернетте олардың зиян екені туралы ақпарат тарап жүр. "Проверено" фактчекерлері деректі тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі factcheck.kz-ке сілтеме жасап.
Мақта таяқшалары алғаш 1923 жылы Baby Gays деген атаумен шыққан. Оны америкалық Лео Герстензаг әйелінің күнде тіс шұқығыштың басына мақта орап, қызының құлағын тазалайтынын көріп, ойлап тапқан. Бірақ ол мақтаны таяқшаның бір жағына ғана жасаған. Ал қорабын ата-ана бір қолымен баланы ұстап, екінші қолымен таяқшаны ала алатындай етіп әзірлеген. Кейін бұл құрал көпшілік арасында кеңінен тарап кетті. Дегенмен құлақты мақта таяқшамен тазалаған дұрыс па?
Құлақ - естуге арналған күрделі мүше түрі. Анатомия жағынан ол үшке бөлінеді: сыртқы, ортаңғы және ішкі. Сыртқы құлақ самай сүйектен, құлақ қалқаны мен арнасынан тұрады. Оны ортаңғы бөлігінің құрылымынан құлақ пердесі бөліп тұрады. Құлақтың ішкі жағының арнасы терімен қапталған, ал жоғарғы қабаты "эпидермис" деп аталады. Құлақ және дененің басқа бөлігіндегі эпидермис өмір бойы жаңарып отырады - ондағы жасуша өліп, орнына басқасы алмасып шығады. Дененің басқа жеріндегі өлі эпидермис жасушалары жуынғанда немесе скраб, пилиң қолданғанда өздігінен түсіп қалады. Мұндай жасушалар құлақ арнасына жиналуы мүмкін, бірақ олардан құтылудың қызық табиғи әдісі бар.
Эпидермистегі тер бездері эволюциялық түрде құлақ құлығына айналды. Құлақ құлығы сағыз сияқты құлақ арнасының қабырғаларына жабысып, өлі эпителиймен бірге шығып кетеді.
Оған қоса ол май мен құлақ арнасына түскен шаңды жинайды. Адам сөйлегенде немесе шайнағанда жағы қозғалып, құлақ арнасының түбіндегі құлық құлақ қалқанына қарай жақындайды. Кейін адам құлағын жуғанда оны шығарып жібереді.
Құлақ құлығы арнаны тазартып қана қоймайды, сонымен қатар, оны ылғалдандырады және қорғайды. Америкалық отоларингология академиясының бас және мойын хирургиясы қоры құлақ арнасын мүлдем тазаламауға кеңес береді, оған қоса адамның құлағы бітелмесе және есту қабілеті нашарламаса, құлыққа тиіспеген жөн екенін айтады. Гарвард медицина мектебі де осындай пікірде: құлақ арнасы өздігінен тазаланады және құлақтың кіреберісіне жақындағанда ғана оны алып тастау керек. Дәл осындай ұсыныстарды Кливленд емханасы мен Майо емханасының дәрігерлері, АҚШ-тағы беделді коммерциялық емес медицина ғылыми орталықтары ұсынады.
Сонымен қатар, адам құлағын тазалаймын деп, оған зиянын тигізуі мүмкін. Біріншіден, мақта таяқшасы құлақ ішіндегі құлықты итеріп, қысып, арна түбін бітеп тастауы ықтимал. Екіншіден, мұндай тазалау әдісі салдарынан адамдар, әсіресе балалар мен жасөспірімдер жарақаттануы мүмкін. Америкалық педиатрлардың бағалауы бойынша, 1990-2010 жылдар аралығында 18 жасқа дейінгі 263 338 бала мақта таяқшасын қолданғаны салдарынан құлағын жарақаттап, жедел жәрдем шақыртқан. Олардың төрттен біріне дәрігерлер "құлақ қалқаны жарылған" деген диагноз қойған.
Құлағының арнасы кішкентай адамдарға қосымша гигиена артық етпейді. Десе де құлақты тереңінен тазаламас бұрын дәрігердің кеңесіне жүгінген дұрыс.
Қорыта айтқанда, адамның құлағы өздігінен жақсы тазаланады: құлақ құлығы шаңдарды жинайды. Адамның жағы қозғалғанда құлақ қалқанына жақындайды. Сол кезде жуынғанда сумен шаюға немесе орамалмен алып тастауға болады. Дәрігерлер құлақты тазалаудың басқа әдістерін қажет не қауіпсіз деп санамайды. Осылайша, құлақты мақта таяшамен тазалаудың қажеті шамалы. Оған қоса оның салдарынан құлақ жарақаттануы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!