- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құлақ тазалауға арналған...
Құлақ тазалауға арналған мақта таяқша қолдану денсаулыққа қауіпті ме?
Бүгінде құлақ тазалауға арналған мақта таяқшаларын қолданбайтын адамды кездестіру қиын шығар. Алайда халық арасында мұндай құралды қолдану есту қабілетіңізге айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін деген сыбыс бар. Мұндай мақта таяқшаларын қолдану шынымен де қауіпті ме? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Мақта таяқшаларын қолданудың қажеті жоқ. Неге?
Құлақта жиналатын құлықтың өз міндеті бар, ол шаң мен кірді өзіне жинап, олардың тереңірек кіріп кетпеуін қадағалайды. Сонымен қатар, құлықтың арқасында құлақ өзін-өзі тазалайды. Сондықтан құлақтың ішкі бөлігін тазалаудың керегі жоқ, өйткені құлықтың өзі тазартқыш құрал. Ал біршама уақыттан бері қалған құлықты ағза шайнау секілді жақ қимылдары арқылы сыртқа шығарады.
Құлақ тазалауға арналған мақта таяқшалары несімен қауіпті?
Мақта таяқшаларымен құлақты тазалау қимылдары арқылы құлық арнаға қарай итеріліп, іште жинала береді. Салдарынан құлақ ауырып, қышиды, сөйтіп есту қабілеті нашарлайды. Оған қоса, құлақ арнасының сезімтал терісі мен қалқаны зақымдалуы мүмкін.
Құлақ қалқанын мақта таяқша, қарындаш, пинцет немесе адамдар құлағының қышуын басу үшін қолданатын кез келген ұзын затпен зақымдауға болады. Құлақ қалқаны өте нәзік болғандықтан, оны тіпті жұмсақ мақта таяқшамен артық күш салмасаңыз да, жыртып жіберуіңіз мүмкін.
Құлағыңыз қышып, құлық көп жиналған секілді сезім туса
Егер құлағыңыздың ішінде құлық көп жиналғанын сезсеңіз, ішкі сезіміңіз сізді алдамауы мүмкін. Бірақ мұндай кезде сізге мақта таяқшалары көмектесе алмайды, сондықтан білікті маман, дәрігердің кеңесіне бару керек.
Құлақты қалай тазалаған жөн?
Негізі құлақтың ішін тазалаудың қажеті жоқ, өйткені душ қабылдау немесе шаш жуу кезінде құлақтың ішіне су кіріп, өзі жуылады, ал құлық уақыты келгенде сіз ұйықтап жатқанда түсіп, сыртқа шығады.
Ал егер құлағыңызды қатты тазалағыңыз келсе, душ қабылдау кезінде қолыңызды кішкене сабындап жууыңызға болады, кейін оны сумен шайып, шүберекпен сүрту керек. Мақта таяқшалары немесе кез келген ұзын заттан бөлек, құлаққа арналған шамдарды да қолданбағаныңыз абзал, өйткені күйіп, ауыр жарақат алып қалуыңыз әбден мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін сәбидің құлағын қалай тазалау керегі хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ең пайдалы көкөніс қандай?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә