- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құлаған үйдің астында...
"Құлаған үйдің астында қалмасақ болғаны". Тараздағы апатты үйдің тұрғындары дабыл қақты
Тараз қаласы Төле би даңғылындағы №2 көпқабатты үйдің тұрғындары дабыл қағып отыр. 1964 жылы салынған "хрущевканың" әбден тозығы жеткен, подъезден кіргеннен жағымсыз иіс қолқаны қабады. Пәтер иелерінің "бір күні үй құлап, астында қаламыз ба?" деген қаупі де жоқ емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тараздағы Төле би даңғылының бойында Арбатқа қарама-қарсы орналасқан көпқабатты пәтер иелері қала билігінен өз проблемаларын назардан тыс қалдырмауын сұрайды. Себебі ескі үйдің жертөлесінен көгеріп-шіріген таттың, шайынды сулардың жағымсыз иісі қысы-жазы шығып тұрады. Жылу және су құбырлары тозып, мезгіл-мезгіл істен шығатыны өз алдына бір мәселе.
Дәліздің барлық жерінде құлаған сылақ, шіріген көгерген қабырғалар еңсені түсіріп жібереді. Тұрғындар бұл туралы қалалық әкімдікке бірнеше рет жазып, мәселе көтерген. Енді олар шұғыл жөндеу жүргізіп беруді талап етіп отыр.
Шаһардың аумақтық бөлінісінде ел-жұрт "алтын шеңбер" атайтын, Төле би көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі 1960 жылдары салынған "хрущевкалар".
"Тұрғын үйдегі жылу жүйесі әбден тозған. Біз жыл сайын өзіміз ақша жинаймыз, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ішкі желілердің жылу берген кезде екпінге төтеп бере алмайтыны, жиі болып тұратын апаттар біз үшін үйреншікті жағдайға айналған. Жертөледе жөндеу жұмыстарын жүргізіп, крандарды өз күшімізбен ауыстырамыз. Алайда бұл үй әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді", - деді апатты үйдің тұрғыны Вера Колесникова.
Жертөледен жеткен ылғал мен шірінді тарақандардың көбеюі үшін де қолайлы орта екені белгілі. Пәтерлердің иелері бөлмелерде "жортып" жүрген тарақандарға да үйреніп қалған. "Тек үйінді астында қалмасақ болды", дейді.
Бұл жағдайдан Тараз қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары да хабардар.
"Төле би даңғылы, 2 мекен-жайындағы 76 пәтерлі үйдің тұрғындарының проблемасымен таныспыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеді. Жалпы, біз 63 үйді жөндеуге бюджеттік өтінім бердік. Қаражат түспегендіктен, келесі жылы оларды, оның ішінде осы үйді жөндеуді жоспарлап отырмыз", - дейді бөлім басшысы А.Түкебаев.
А.Сырымбет
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы