Танымал әнші Нұржан Қалжан "ХабарLike" телебағдарламасына берген сұхбатында өнерден көңілі қалған сәттерін еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"10 жылда мен құрылысқа немесе басқа жұмысқа кеттім дей алмаймын. Өнердің бір шетінде жүрдім. Ортасына түскен жоқпын, оны мойындаймын. Сахнаға шықпадым, түсірілімдерге қатыспадым. Тек тойдың маңында жүрдім. Әнші сахнадан қанша алыстап кетсе де, оның тыңдарманы жібермейді екен. Бір кездері ауылға қайтып, мал бағамын деген ойлар келді. Өйткені өнерден көңілім қалғандай болды. "Кетемін" деп ауылға қайтқанның өзінде жатқызбады. Тыңдармандарым тойларына, қуаныштарына шақырып алды. Содан тойға барып, ақша тауып жүрдім", - деді ол.
Әнші өнерге оралу қиын екенін айтты.
"Өнерге оралу өте қиын. Қазақта "көзден кеттің, көңілден кеттің" деген сөз бар. Тіпті, қасыңдағы өнер адамдарының өзі сенің қайта шықпауыңа әрекет жасайды. Мысалы мен биіктікті де көрдім. Әнім танымал болып, күнде қуанышқа, күнде мейрамға барғанда қасымда өнердегі 10-20 досым жүрді. Төменге құлаған сәтім де болды. Ол жақтың да, бұл жақтың да дәмін көрдім. Құлаған шағымда жаңағы достардың бірі де қалмады. Ол өмірдің заңдылығы да шығар. Бірақ сол өнердегі достарым мені көріп қалса, менсінбеушілікпен қарай бастады", - деді Нұржан Қалжан.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!