Алматы облысы, Тұрар ауылындағы амбулаторияның жағдайы адам төзгісіз. Қабырғасы сөгіліп, сылағы түсіп, топырағы үгітіліп жатыр. Ішінде жуынатын су жоқ. Дәретхана қарастырылмаған. Соған қарамастан 7 медбике мен 1 дәрігер тұрғындарды қабылдап, тиісті медициналық көмек көрсетіп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл ғимарат Кеңес заманында салынды. Содан бері алпыс жыл уақыт өтті. Заман өзгергенімен Тұрардағы емдеу мекемесі сол қалпы тұр. Әлі қанша тұрары белгісіз. Ғимарат екіге бөлінген. Бір жағында амбулатория орналасқан. Ал екінші бөлігі бос. Терезелері шағылып, шатыры опырылып түскен. Бұған жергілікті тұрғындар да үйреніп алған сияқты. Амалдың жоғынан осында келіп, емделуге мәжбүр. Ал аудан орталығындағы аурухана алыс. Фельдшер әрі амбулатория меңгерушісі Сәуле Жайлаубаеваның айтуынша бұл ахуал аудан әкімдігі жақсы біледі.
"Күн сайын 30-ға жуық адамға медициналық көмек көрсетеміз. Хирург, травматолог, невропатолог, кардиолог сынды дәрігер атауымен жоқ. Осындай үлкен ауылға жаңа амбулатория керек қой. Бұл мәселені Қарасай ауданының әкімдігіне, облыс басшылығына зарлап айтып келе жатқанымызға бірталай жыл болды. Мекеме құлағалы тұр. Алайда ешқандай әрекеттің болмай тұрғаны жанымызға батады", - деді ол.
Жалпы Тұрарда жеті мыңға таяу адам тұрады. Қан қысымы, жүрек талмасы бар науқастар аз емес. Зейнеткер Қали Жексембаев аптасына екі рет екпе салдыртады.
"Амалдың жоғынан осында келемін. Мұнда емделіп емес, ауырып қайтамын деп қорқамын. Әрине медбике қыздарға рахмет. Жаны қалмай қажетті дәрімді береді, уколымды салады. Бірақ мұндағы санитарлық жағдай нашар", - дейді ол.
Ал Қарасай ауданы, Жібек Жолы ауылдық аймағының әкімі Дидар Нұрақыновтың айтуынша Тұрарға жаңа амбулатория салынады. Нысан ескі ғимараттың орнында бой көтеруі тиіс.
"Емдеу мекемесін салу мәселесін халық айтып жатыр. Дұрыс, айтылуы керек. Қазір жеке кәсіпкерлер жекеменшік клиника салғылары келеді. Оған қарсылық жоқ. Дегенмен ауылда мемлекеттік амбулатория болу тиіс. Ол үшін 27 гектар жер телімі бөлінді. Бірақ қаражат қарастырылмай отыр", - деді әкім.
Жалпы Тұрарда тұралап тұрған мәселе көп. Ең бастысы дәрігерлік амбулатория. Қыста кеңсе ішінде отыру мүмкін емес. Өйткені жылу жоқ. Ал жаңа ғимарат салынғанша буыны сыздап, балтыры қақсаған науқастар ескі ғимаратта ем-дом қабылдауға мәжбүр.
Саламат Сабыр
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!