Қырғызстандық апалы-сіңілі екі қыз Қазақстанда күштеп ұсталған. Олардың бірі кәмелетке толмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қырғызстанның Омбудсмен институты мәліметінше, айдың басында Ош облысынан қыздардың анасы көмек сұрап жүгінген. Ол К.К. есімді әйел 2024 жылғы наурызда қыздарын (16 және 18 жаста) "жұмыс беремін, қараймын" деп уәде беріп, Шымкентке алып кеткенін айтқан. Алайда біраз уақыттан кейін қыздар анасына хабарласып, соққыға жығылғанын, таңнан кешке дейін мәжбүрлі түрде жұмыс істеп жүргенін айтқан.
"Қыздар базарда екі әйелге жұмыс істеген. Сауда біткен соң оларды қоймаға алып барып, ауыр қаптарды көтеруге мәжбүрлеген. Оларға құл сияқты қараған. Қыздар кеткіміз келеді дегенде оларды соққыға жыққан. Мен қоңырау шалып, балаларымды жіберуін талап еттім. Бірақ К.К. үш жылға келісім жасадық деп келіспеді", - дейді қыздардың анасы.
Қырғызстанның Алматыдағы бас консулдығы және қырғыз диаспорасының көмегімен қыздар Шымкенттен табылған. Миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін сот шешімі шыққан соң олар еліне қайтарылып, аналарына тапсырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз