Құқықбұзушылық үшін SCAT-қа 4 миллион теңге айыппұл салынды

Құқықбұзушылық үшін SCAT-қа 4 миллион теңге айыппұл салынды
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық әуе компания Өскемен–Астана бағыты бойынша рейс жолаушыларының құқықтарын өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Тексеруге себеп болған оқиға 25 ақпанда орын алған. Сол күні 180 жолаушы рейспен дер кезінде ұша алмай қалған.

"Жолаушылар ұзақ уақыт кідірістің тұтқынына айналды: күндізгі сегіз сағаттан астам уақыт бойы күтуге мәжбүр болғанына қарамастан, әуе компания оларды қонақүйге уақытылы орналастырмады. Тек кешкі он шамасында кезекші прокурордың араласуынан кейін ғана жолаушыларға демалатын орын берілді. Күні бойы әуежайда болған жолаушыларға лайықты жағдай жасалмады", – делінген хабарламада.

Тексеру нәтижесінде SCAT әуе компаниясы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 567-бабының 2-бөлігі – "Көлік қызметі саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзу" бойынша кінәлі деп танылды. Тасымалдаушы 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3,9 миллион теңге, 2025 жылғы есеп бойынша) көлемінде айыппұл төлейді.

Еске сала кетейік, ақпанда №784 рейсі Өскеменнен таңғы 08:30-да ұшуы тиіс болған. Алайда рейс түн ортасына дейін орындалмаған. Жолаушылар әуежай ғимаратында 18 сағаттан астам уақыт өткізіп, көпшілігі – ыстық тамақсыз, рейс туралы ақпаратсыз және әуе компания өкілдерінен түсініктемесіз қалған. Жолаушылар бұл жағдай бойынша Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасына шағымданған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget