“Құқық күйбең тірліктен басталуы қажет“. Президент қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді

Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

️"Өздеріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз. Ата Заңға сәйкес біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес. Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет. Мысалы, кейінгі уақытта көп адамдардың, тіпті амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президенттің сөзінше, бұл жай ғана шағын мәселе емес.

"Әр халықтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалық мәдениетті, дамыған жұрт екені жөнінде пайым жасайды. Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек", - деді Мемлекет басшысы.  

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз