Жамбыл облысы Талас ауданында 25 жыл бойы құжатсыз өмір сүріп келген ер адамға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Талас аудандық прокуратурасының арызы бойынша ер адамның құжаттары рәсімделген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Талас аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талас аудандық сот баспасөз қызметінің өкілдері күдіктіге бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру салдарынан қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеді, алайда оның туу туралы акт жазбасы мен жеке басын анықтайтын құжаттары болмаған.
"Тәжікстан Республикасының Әділет Министрлігінің Кубодин ауданы бойынша Азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің сұратуға берген жауабынан, Н.-нің туу туралы жазбасы жасалмағаны анықталды. Сотта куәлер Н. олардың туған ағасы екенін растап, ол Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Қазақстан облысы Шардара ауданы Бірлік ауылында туылғанын және сонда бірге тұрғандарын айтқан. Алайда әкелері қайтыс болған соң, олар аналарымен бірге Тәжікстан Республикасына кетіп қалғанын, ал ағалары Н. құжаттары болмағандықтан, Қазақстанда қалып кеткенін айтқан", - делінген Жамбыл облыстық сотының сайтында.
Азаматтың құжаттарды басқа жолмен алуға мүмкіндігі болмаған, себебі ол медициналық ұйымнан тыс жерде туылған және оның туылған дерегі тиісті тәртіппен тіркелмеген, медициналық ұйыммен белгіленген үлгідегі туу туралы анықтама берілмеген. Мұндай жағдайда, сот, сот отырысы барысында анықталған істің нақты мән-жайларын назарға алып, қойылған талапты қанағаттандыру туралы тұжырымға келді.
"Шешім заңды күшіне енді. Оның негізінде, азаматтың туу туралы акт жазбасы жазылып, оған туу туралы куәлігі мен жеке куәлігі берілген", - делінген хабарламада.
Жамбыл облыстық сот баспасөз қызметінің өкілі Айнаш Махамбетованың айтуынша, ер адам Қазақстан азаматы, біздің елде дүниеге келген, алайда құжаттарын рәсімдемеген. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, яғни ұрлық жасау фактісі айып тағылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!