Құжаттары жоқ: БҚО тұрғынынан 2 мың литрге жуық спирт тәркіленді

Батыс Қазақстан облысының тұрғынынан полицейлер тиісті құжаттары жоқ 2 мың литрге жуық спирт тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Орал қаласында полиция қызметкерлері облыс орталығының тұрғыны басқарған Ssang Yong автокөлігін тоқтатып, тексеру барысында автокөлік салонында спиртпен толтырылған 5 литрлік 30 пластикалық бөтелкені анықтады.

Жүргізушінің тұрғылықты мекенжайын тексеру кезінде полицейлер аулада тұрған Нивa көлігінің ішінен ұқсас спирт өнімдері бар тағы 40 пластикалық бөтелкені анықтады. Үйдің ішінде, кіреберісте және жатын бөлмелерде әрқайсысының сыйымдылығы 5 литр болатын 299 бөтелке спирт тәркіленді. Барлығы тәркіленген спирт өнімінің көлемі 1845 литр, аталған өнімдердің тексеру барысында тиісті құжаттары болмағаны анықталды.

Тексеру барысында оның облыс аумағында осы өнімді заңсыз сатумен айналысқаны анықталды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер алкоголь мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымы азаматтардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!