ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті Көкшетау қаласында инженерлік желілер мен абаттандыру нысандарын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2020 жылы "Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі" ММ мен мердігер ұйымдар, яғни TAU PROJEKT ЖШС және "СЭМ-СтройЭнергоМонтаж" ЖШС арасында бекітілген жобалық-сметалық құжаттама аясында құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, техникалық қадағалау жөнінде келісімшарттар жасалған.
Алайда мердігер компаниялардың бенефициары орындалған жұмыс көлемін әдейі арттырған. Қабылдау актілеріне іс жүзінде орындалмаған немесе толық орындалмаған жұмыстар туралы жалған мәлімет енгізілген. Соның салдарынан құжат жүзінде расталғанымен, су бұру жүйесінің негізін дайындау, арық блоктарын орнату, кәріз-сорғы станциясын жеткізу және монтаждау жұмыстары нақты орындалмаған. Құрылыс бөлімінің басшысы нақты орындалған жұмыс көлемі жобалық шешімдерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жалған актілерге қол қойған, қаржыландыруды тоқтатпаған, шарттарды бұзбаған. Қол қойылған құжаттар негізінде мердігер ұйымдарға бюджет қаражаты аударылған.
Мемлекетке келген залал 160 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, соның ішінде 10 көлікке, 3 жер учаскесіне және бір пәтерге тыйым салынды.
Күдіктілерге қамауға алу және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз