- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Күдікті қылғындырып өлтіргенін...
Күдікті қылғындырып өлтіргенін полицияға өзі хабарлаған: Оралда қонақүйдегі ер адамның өліміне қатысты тың дерек шықты
Оралда қонақүйдегі ер адамның өліміне қатысты сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, күдікті - 29 жастағы әйел. Ол өзі полицияға хабарласып, марқұмды қылғындырып өлтіргенін айтқан.
Оқиға былтыр 16 қарашада болған. Жергілікті полиция бөліміне қаладағы қонақүйлердің бірінен хабар түскен. Полицейлер оқиға орнына келіп 35 жастағы ер адамның мәйітін тапқан.
Оралдағы Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта судья Шары Зайнуллинаның төрағалығымен жергілікті қонақүйде кісі өлтіру дерегі бойынша алдын ала тыңдаулар өтті.
БҚО прокурорының аға көмекшісі Асқар Мерекенің айыптау актісіне сәйкес, 16 қарашада сотталушы өзінің құрбысымен бірге жергілікті саунада болғаны анықталды. Олар саунада ер адамдарға ақылы интим қызмет көрсеткен.
Марқұм інісімен бірге саунаға келген. Тергеу барысында ер адам күдікті мен оның құрбысынан интим қызмет сатып алып, бірге ішімдік ішкенін анықтады. Таңға қарай күдікті әйел ішімдік сатып алып, қонақүйге кеткен. Ол бір тәулікке бөлмені жалға алған. Артынша марқұм ер адам да келген. Осылайша, екеуі қайтадан ішімдік іше бастаған. Марқұм ер адам күдіктіні интимге итермелей бастаған. Айыпталушы берген түсінікке сәйкес, ол ер адамды осы әрекеті үшін жазаламақ болған. Күдікті жуынатын бөлмеден шығып, жарықтың бауын алып, ер адамның мойнынан екі рет орап, қылғындырған.
Айыпталушы прокурордың айтқанымен келіспей, "ол жезөкшелікпен айналыспағанын" айтады.
"Уральская неделя" мәліметінше, айыпталушы әйел бұған дейін Қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) бойынша үш жылға сотталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина