- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күдікке беріліп, байбалам...
"Күдікке беріліп, байбалам салудың қажеті жоқ". Ақпарат министрі Президенттің Қытайға сапары туралы ойын айтты
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Президенттің 17 мамырдағы Қытай Халықтық Республикасына сапары туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ең алдымен министр сапарға дейін және кейін тараған фейктерге қатысты ойын айтты.
"Фейктердің алдын алудың бір жолы - көбірек ақпарат беру. Мемлекет құрылымдары көбірек ақпарат беруі керек. Егер мемлекет тарапынан ақпарат аз берілсе, оның орнын фейк ақпараттар немесе манипуляциялық ақпараттық шабуыл болады", - дейді Дархан Қыдырәлі.
Дархан Қыдырәлі тарихи тұрғыда Қытай мен Қазақстан бес мың жылдан бері қатар өмір сүріп жатқанын атап өтті.
"Былайша айтқанда "құдайы көрші". Осы бес мың жылдықта әртүрлі жағдай, әртүрлі соғыс болды. Соның ішінде Қытаймен арадағы қарым-қатынас Жібек жолы арқылы тарады. Жібек жолы дамыған кезде біздің хандықтарымыз да дамығанын байқаймыз. Жібек жолы тоқтаған кезде хандықтардың да экономикалық тұрғыда әлсірегені, сол арқылы бір-бірімен қырқысып алауыздықпен алып империялардың құлағанын білеміз. Алтын орданың ыдырауында да осы экономикалық себеп бар.
Екіншіден Қытаймен тату көршілік өз шеңберінен шықпаған. Осы түркі елдері арқылы, Орта Азия елдері арқылы Қытайды батыспен жалғап жатса, Қытай да біз арқылы батыспен жалғанған. Сондықтан олар бір-бірімен тәуелді, бір-бірімен септесіп жалғасып жатыр. Үлкен өркениеттер", - дейді министр.
Дархан Қыдырәлі. Фото:gov.kz
Дархан Қыдырәлі бес мың жылдық көршілігіміз әлі жалғасып келе жатқанын айтады.
"Оның үлкен себебі бар деп ойлаймын. Сонымен қатар, жиынның Сианьда өтуінің үлкен символикалық мәні бар деп ойлаймын. Себебі Сиань кезінде Тоныкқктің тоны өскен, Тоныкөктің білім алған жері. Тоныкөк екінші Түрік қағанатының қалыптасуында ықпалды тұлға болған. Үш қағанға бас уәзір болған. Сондықтан Сиань тек Қытай өркениеті үшін емес, түркі өркениеті үшін де маңызды.
Жалпы Қытайдың қалыптасуында түркі факторын атап өту керек. Себебі Бейжіңдегі ұлттық мұражайға барсаңыз, негізгі мемлекеттің қалаушысы солтүстіктен келген көшпенділер екенін көруге болады. (...) Сондықтан Қытайдағы құжаттар, архив материалдарды қарасақ, байланыстар екі елге де пайдалы екенін көреміз", - дейді министрілік басшысы.
Фото: Борт №1
Үшіншіден, Қытайға сапарға тек Қазақстан барған жоқ.
"Орталық Азия және Қытай. Орталық Азия ынытымақтастығы ерекше дамып келе жатқанын көреміз. АҚШ пен Орта Азия, Жапония мен Орта Азия, Еуропа мен Орта Азия, Ресей мен Орта Азия деген секілді әртүрлі платформалар құрылып жатыр. Сол секілді ол Қытаймен жалғасып отыр. Сондықтан оған жатырқап қараудың қажеті жоқ. Басқа елдермен 5/1 деген секілді қазір Қытаймен де ынытымақтастық кезеңі шығып отыр. Ол жерде жалғыз Қазақстан емес. Жалғыздың үні шықпас дейді. Ол жерде Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен бірге Қытайдың ынтымақтастығында ол ұмытылатын жағдай емес.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясат векторындағы көп векторлық өзгерген жоқ. Еліміздің алғашқы сыртқы саясатының негізін қалаушы авторының бірі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қағиданы берік ұстанып отырғанын көруге болады. Жақында ғана АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы келіп кетті. Немесе Сыртқы істер министрі сол уақытта Еуропада болды. Сондықтан көпвекторлы саясат Қазақстанның басымдығы ретінде өзге де бағыттарда қарқынды жүріп отырғанын көреміз. Сондықтан ол бір мемлекеттің ықпалына өтті деген нәрсе емес. Қазақстанның әу бастағы тәуелсіздік алған сәттегі сыртқы саясаты, басқа мемлекеттермен теңгерімді сыртқы саясаты қарқынды. Бұл қазіргідей геосаяси жағдайда Қазақстанның ұтымды жолын көрсетеді. Сондықтан әсіре күдікке беріліп, байбалам салудың қажеті жоқ деп ойлаймын", - дейді Дархан Қыдырәлі.
Фото: Борт №1
Министр қазір өзара әрекет, ықпалдастықты дамыту екіжақты пайдалы деп есептейді.
"Сонымен қатар, Қытайды ең жақсы білетін адамның бірі - әрине, қытайтанушы, Қытайда ұзақ жыл қызмет атқарған ел президенті екені белгілі. Алғашқы еңбек жолының бірін Қытайда бастаған, Тянь миндегі оқиға кезінде Бейжіңде болған, Қытайдың ішкі жағдайын, өсу эволюциясын терең біледі. Бұл мәселені мемлекет басшысынан артық білеміз деп айта алмаймыз. Себебі ол кісі кәсіби дипломат қана емес, әрі кәсіби қытайтанушы", - дейді министр.
Еске салайық, 17 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылды.
Президент 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және мемлекеттік сапар аясында бірқатар шара өткізді, сондай-ақ Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Ал 19 мамырда "Орталық Азия - Қытай" саммитіне қатысты. Сонымен қатар Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина