“Құдды Майкл Джексон секілді...“ 50 Cent Қазақстандағы концерті туралы айтты
Танымал әлем жұлдызы, рэпер 50 Cent Қазақстанда халықтың құрметі мен ықыласына бөленгені туралы айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы танымал тележүргізуші Стивен Колбертке берген сұқбатында айтты.
50 Cent Қазақстан халқы туралы не деді?
Әлемге белгілі рэпер қазақстандықтардың өзіне көрсеткен құрметі мен ықыласына қатты таңғалғанын айтты. Стивен Колберт Қазақстандағы жанкүйерлер шетелдік әртісті қалай қарсы алғаны турады сұрады. Тележүргізушінің бұл сұрағына 50 Cent әзілмен жауап берді.
"Алматыға сапар өте керемет болды. Олар менің Майкл Джексон емес екенімді білмейді-ау. Мені құдды Майкл Джексон секілді көріп, көліктің артынан жүгіргенде таңғалдым", – деді ол.
50 Cent Алматыдағы көрерменнің қолдауының әсерінен өзін аңыз адам сезінгенін жеткізді.
50 Cent Қазақстанға қашан, не үшін келді?
Осыдан бір жыл бұрын қараша айында 50 Cent – Get Rich or Die Tryin атты алғашқы альбомының шыққанына 30 жыл толуына орай әлемнің 30 елінде концерт берген еді. Аталған 30 елдің қатарында Қазақстан да бар. Рэпер концерт өткізу үшін Алматы қаласын таңдаған. Қала тұрғындары мен қонақтары 2000-жылдардағы – Candy Shop, P.I.M.P, In da club, Ayo Technology сияқты аңызға айналған хиттеріне билеп, көңіл көтерді.
Алматы, 50 Cent және дау тудырған "Борат" мәселесі
Еске салайық, рэпердің сахнада "Борат" туралы айтқан әзілін тыңдарман қауым екі түрлі қабылдады. Кейбірі – мұны жай ғана ескі әзіл ретінде көрсе, шамданып, намыстанып, пікір білдіргендер де кездесті.
Концерттен кейін рэпер әлеуметтік желідегі парақшасында: "Алматы, Қазақстан. Өртедіңіздер. "Борат" фильмінің кесірінен менің не айтып тұрғанымды түсінбейтін шығарсыздар", – деп жазған болатын.
Бұл жазбаға қазақстандықтар түрлі пікір қалдырған. Бірі – алғыс айтса, енді бірі – "Борат" туралы жазғанына наразылық танытқан еді.
"Айналайын, Фифтижан, өйтіп Боратты тықпалама бізге, оның Қазақстанға қатысы жоқ", "Тым жақсы отыр едік қой", "Елубай көке, өзіңізді сала бермей, қазақтарды да бір салып қоймадыңыз ба, мәз қылып", "Борат туралы артық болды енді", – деп жазған желі қолданушылары.
50 Cent-тің аңызға айналған кепкасы
Алматыдағы концерті аяқталған соң жарнама сайттарында рэпердің өзі киген кепканың сатылатыны туралы жарнама жиілеп кеткен еді. Оған себеп – концерт кезінде қазақстандық тыңдарманның 50 Cent-тің кепкасын қағып алуы.
Әртіс концерт кезінде образдарын жиі ауыстырған. Бір кезде хип-хоп орындаушы басындағы аппақ кепкасын көпшілік тұрған жаққа лақтырып жіберді. Бас киімді 35 жастағы қазақстандық Дархан Бегімтаев қағып алған.
Бағалы сыйлықтың иегері атанған Дархан рэпер жанкүйерлерінің назарына бірден ілікті. Адамдар оны сол күні кешке әлеуметтік желіден іздей бастаған. 35 жастағы қазақстандық кепканы өзінде қалдыруды ұйғарыпты.
Жарнама сайттарында кепканы сату туралы хабарландырулар пайда болды, бірақ Дархан Бегімтаев мұның өтірік екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева