Құдайға қоштасу хатын жазған: Қызылорда облысында ата-ана баласын соққыға жықты деп директорды айыптап отыр

Қызылорда облысының тұрғыны Жаңагүл Назарова 5-сыныпта оқитын інісін мектеп директоры ұрып-соққанын айтады. Оның сөзінше, осы оқиғадан кейін оқушы Құдайдан көмек сұрап, қоштасу хатын жазған. Бұл мәселе "Көреміз" бағдарламасында көтерілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңадария ауылының тұрғыны Жанат Қызылбасованың сөзінше, былтыр 5-сыныпта оқитын ұлына директор қол жұмсаған. 

"Құлағымнан ұстап, тартып жіберді. Сосын қабырғаға құлай жаздадым. "Үйіңе қайт" деп айқайлады", - дейді оқушының өзі бұл туралы. 

Бағдарлама мәліметінше, осы жағдайдан баланың анасы директордан оқиғаның анық-қанығын сұрамақ болып барған. Әйелдің сөзінше, тіпті осы жағдайдан кейін мектеп басшылығы соңына түскен. Өйткені әйелдің өзі де сол мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. Ал кейін болған жайттардан соң әйел мектеп ауласында қысымы көтеріліп, құлап қалған.

Баланың әпкесінің сөзінше, директор оқушыны аяғы лас болғаны үшін ұрған. Сол күні інісінің жылап келе жатқанын да осы әпкесі көріп, не болғанын сұраған. Сонымен қатар, бала анасына оқиға қалай болғанын баяндап, хат жазған.

"Анашым, басымнан бомба жарылғандай болды. Құдай, бар болсаң директор ағайдан құтқара көр. Мені басқа мектепке ауыстыршы, анашым", - деп жазылған екен хатта.

Наурызда хатқа сот сараптамасы жасалып, бала қандай да бір жағдайды өсіріп айтуға бейім емес деген қорытынды шығарылған.

Бірақ мектеп директорының өз айтары бар екен.

"Баланы ұрған жоқпын. Мүлде ұрмаймын да. Себебі баламыз - елдің болашағы. ...Табаны батпақ екенін көріп, аяқкиімін тазалап келуін сұрап кезекшіге нұсқап жібердім", - дейді мектеп директоры Ерлан Жүсіпбеков.
 

Баланың әпкесі Жаңагүл Назарбаева мектеп директорын сотқа берген. Ал директордың өзі Ерлан Жүсіпбеков абырой беделіне нұқсан келгенін айтып, жала жапты деп арыз жазушының үстінен шағым түсірген. Ал ата-ана директордың мектептен кетуін сұрап тотыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!